Accessibility links

Өзбекстандағы президент сайлауы: Шавкат Мирзияев Либерал-демократиялық партия үміткері болып бекітілді


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев.

Кәсіпкерлер және іскер адамдар қозғалысы мен Либерал-демократиялық партияның 30 мамырда өткен съезі Өзбекстанның қазіргі басшысы Шавкат Мирзияевты президенттікке үміткер ретінде бекітті. Бұл туралы партияның баспасөз қызметіне сүйенген Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.

"Дереккөз" телеграм-арнасының президент әкімшілігіне жақындығы бар адамға сілтеме жасай отырып хабарлауынша, мемлекет басшысы сайлау қарсаңындағы бағдарламасының негізгі бес бағыты туралы баяндама жасаған.

Мирзияев сайлауалды бағдарламасында өнеркәсіптегі "мегажобалар", әлеуметтік қорғау ұлттық агенттігін құру, автокөлік өндірісін 1 миллион данаға жеткізу туралы айтқан.

Съезд шешімімен Өзбекстан Либерал-демократиялық партиясы заң тәртібімен Орталық сайлау комиссиясына Шавкат Мирзияевты президенттікке партия атынан үміткер ретінде тіркеу жөнінде өтініш береді.

Бұған дейін "Миллий тикланиш" партиясы да кезектен тыс президент сайлауына Шавкат Мирзияевтың кандидатурасын ұсынған.

8 мамырда Мирзияев Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауын өткізетінін жариялаған. Оның алдында 30 сәуірде оның президент мерзімін бес жылдан жеті жылға ұлғайтайтын және өзге де өзгерістер қарастырылған Конституцияға түзетулер бойынша референдум өткен.

Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауы шілде айында өтеді. Егер 65 жастағы Мирзияев сайлауда жеңсе, президент қызметінде кемінде 2037 жылға дейін болады.

XS
SM
MD
LG