Accessibility links

"ҚазМұнайГаз" Жаңаөзенде тексеріс әлі аяқталмағанын хабарлады. Мұнайшылар наразылығы жалғасып жатыр


"Өзенмұнайгаз" алдында наразылыққа шығып тұрған "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының бұрынғы мұнайшылары. Сәуір, 2023 жыл.
"Өзенмұнайгаз" алдында наразылыққа шығып тұрған "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының бұрынғы мұнайшылары. Сәуір, 2023 жыл.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мұнайшылар наразылығынан кейін құрылған Жаңаөзендегі арнайы жұмыс тобының "қызметі аяқталды" деген ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді. Жаңаөзенде "тұрақты жұмыс пен бірдей жалақы" талап етіп тұрған "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының бұрынғы мұнайшылары осы аптада "ҚазМұнайГаз" тексеруі 29 мамырда аяқталғанымен, ұлттық компания оның шешімін әлі жариялаған жоқ" деп шағымданған еді. Олар билікке 15 маусымға дейін мұрсат беретінін, мәселе шешілмесе, Астанаға баратынын мәлімдеген.

"Қазіргі уақытта "Өзенмұнайгаз" АҚ-тың қаржы-шаруашылық қызметін тексеру жөніндегі жұмыс аяқталуға жақын, аралық қорытынды шығарылып жатыр. Анықталған сәйкессіздіктер бойынша комиссия кейбір қызмет түрлерін, оның ішінде ұңғымаларды жерасты жөндеу, көлік қызметтері және тағы басқа қызметтерді одан әрі тексере түседі" деп жазылған компанияның 31 мамыр күнгі хабарламасында.

Компания өкілдері алдағы уақытта "мердігер ұйымдардың еңбекақы төлеу, әлеуметтік төлемдер, қауіпсіздік техникасын сақтау шарттарына инспекция жүргізу" жоспарда бар деп айтты.

Қазір мұнайшылардың "Өзенмұнайгаз" алдындағы наразылығы жалғасып жатыр. Мұнайшылар 1 маусымда Азаттық тілшісіне бір күн бұрын "Мөлдір Мұнай Сервис" деген компаниядан өкілдер келіп, жұмыс ұсынғанын, бірақ ол жұмыс тұрақты емес, уақытша екенін айтты.

Бір күн бұрын аталған компания мен "Өзенмұнайгаз" өкілдерінің наразы мұнайшыларға жұмыс ұсынған сәтінен видео жарияланған. Онда компания өкілдері мұнайшыларға бес бригада құрылғанын, жалақысы "Берәлінікіндей" екенін айтып, жұмысқа тұруды ұсынады. Мұнайшылардың бірі "жұмыс қашанға дейін?" деп сұраған кезде компания өкілдері "жыл соңына дейін" деп жауап береді. Бұдан кейін мұнайшылар "демек, ол да – уақытша жұмыс қой, келесі жылы тағы жұмыссыз қаламыз" деп көңілі толмайды. Қазір наразылық жалғасып жатыр.

  • "БерӘлі Маңғыстау Company" кәсіпорнының бұрынғы жұмысшыларының "Өзенмұнайгаз" компаниясы алдында тұрғанына екі айға жуықтады. Сәуірдің басында олар аталған кәсіпорын тендерде жеңілгендіктен, 100-ден астам адам жұмыссыз қалғанын айтқан. Сәуірдің ортасында олар Астанаға келіп, наразылық білдірді. Бір тәулік энергетика министрлігі алдында қонған мұнайшыларды 11 сәуірде кешке қарай полицияның арнайы жасағы күштеп ұстап әкеткен. Бұдан соң Жаңаөзен мен Ақтау тұрғындары және Алматы, Астана мен өзге өңірлердегі белсенді азаматтар ұсталған мұнайшыларды босатуды талап етті.
  • 12 сәуірде таңертең мұнайшылардың көбі пойызбен Жаңаөзенге қайтарылып, 10 адам келісім жүргізу үшін Астанада қалған. 20 сәуірде мұнайшылар ҚМГ келіссөзді тоқтатқанын, талаптары әлі орындалмағанын жеткізген. Ал ҚМГ "арнайы комиссия" құрылғанын, Жаңаөзенде мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың жұмысы тексерілетінін мәлімдеген.
  • Бұған дейін ҚМГ-ның арнайы комиссиясы “Өзенмұнайгаз” бен оған еншілес мекемелерден адамдарды жұмысқа заңсыз алу, мұнай өндіретін жабдықты жалға алу құнын асыра көрсету және тағы да басқа "заңсыздықтар" анықталғанын хабарлаған. Сәуірдің соңында "Өзенмұнайгаз" бен "БерӘлі Маңғыстау Company" компанияларының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіліп жатқаны хабарланған.
  • Ал Астанадан Жаңаөзенге оралған наразы мұнайшылар "Өзенмұнайгаз" алдына қайта жиналып, тұрақты жұмыс талап еткен акцияны әлі жалғастырып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG