БҰҰ Украина порттарынан Қара теңіз арқылы астық тасымалы баяулағанына алаңдайды. Бұл жөнінде 1 маусымда ұйымның баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик мәлімдеді.
Оның сөзінше, украин портынан мамыр айында 33 кеме шыққан. Оларға сәуір айындағы жүктің жартысына жуығы тиелген. Дюжарриктің айтуынша, халықаралық ұйым Украина мен Ресей арасындағы келісімнің толық жандануына күш салады.
Бұған дейін бейсенбі күні Украина қайта құру және инфрақұрылым министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдерін Қара теңіз арқылы тасымалдау қайта тоқтап қалғанын айтқан. Министрлік бұған Ресейді кінәлады. Ақпаратқа қарағанда, Ресей барлық украин портынан кемелердің шығуына кедергі келтірген. Украина Ресейдің әрекетін келісімді "өрескел бұзу" деп атады. Украина жағы Ресей сәуірдің ортасынан бастап келісім бойынша жұмыстарды "негізсіз шектеді" деп мәлімдеді.
Қазір 50 кеме Түркияның территориялық суында тексерісті күтіп тұр және шетелге 2,4 млн тонна украин астығын жеткізуге дайын. Кейбір кемелер 3 айдан артық тексерісті күтеді.
Ресей билігі реакция білдірген жоқ.
Мамыр айында Ресей астық келісімін тағы екі айға созуға келіскен. Бірақ Ресей астығы мен тыңайтқышын экспорттауға кедергі жойылмаса, келісімнің күші де жойылуы мүмкін деп ескерткен.
- "Астық келісіміне" Ресей мен Украина былтыр шілдеде БҰҰ мен Түркияның араласуымен қол қойған. Ол Украина порттарынан астық және өзге де азық-түлік түрлерін тасымалдау механизмін қарастырады.
- Былтыр ақпан айындағы басқыншылықтан кейін Украина порттары тұтас жабылған. БҰҰ мен көптеген мемлекет Украинадан азық-түлік өнімдерін сыртқа шығармаса, кейбір елдер аштыққа, кедейшілікке ұрынуы мүмкін деп алаңдаған.