Accessibility links

Пригожин Қадыров айналасындағылармен кикілжіңге Путиннің араласқанын айтты


Евгений Пригожин
Евгений Пригожин

"Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының жетекшісі Евгений Пригожин мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров айналасындағы адамдармен кикілжің Ресей Қауіпсіздік кеңесінің отырысында талқыланған. "Вагнер" компаниясының баспасөз қызметі 3 маусымда жариялаған жазбада Евгений Пригожин сол жөнінде айтады. Онда "Вагнер" жетекшісі кикілжіңнің қалай шешілгеніне тоқталады.

Мәселе Қадыровтың туысы, мемлекеттік дума депутаты Адам Делимханов, шешен парламентінің төрағасы Магомед Даудов және "Ахмат" арнайы жасағының командирі Апти Алаудиновтің 1 маусым күні айтқан сөздері туралы болып отыр. Олар Пригожинді "көп адам шығынына жол бергені үшін" және "шенеуніктерді сынағаны үшін" кінәлаған. Даудов Пригожинге "жеке кездесіп", "еркекше сөйлесуді" ұсынған.

Сол күні "Вагнер" командирі Дмитрий Уткин мәлімдеме жасап, жалдамалылар "еркекше сөйлесуге" дайын екенін, Қадыров айналасындағылармен "Шешенстандағы 1-ші және 2-ші соғыстан бері" таныс екенін айтқан.

Ізінше Пригожин 1 маусымда кешке мәлімдеме жасады. Ол өзіне Қадыров хабарласқанын, "дауды өрбітпеуге келіскенін" айтты. Ол мәлімдемесінде оқиғаға Путиннің араласқанын айтпайды. Тек Делимханов пен Даудовтың сөздеріне түсініктеме бере алмайтынын, себебі "кез келген жауабы ұлтаралық алауыздықты қоздыру" ретінде түсіндірілуі мүмкін екенін жеткізеді.

Пригожиннің айтуынша, Қадыров айналасындағылар мен вагнерліктер арасындағы "дау-дамай" ірі қантөгіске апаруы мүмкін еді, ал "одан кім ұтатыны айдан анық".

Ол қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен Бас штаб жетекшісі Валерий Герасимовті әрі қарай да сынай беретінін айтып, оларды "Ресей жерін берді" деп айыптады. Олар тиісті дәрежеде "сазайын тартпайынша" мәселемен шұғылдана беретінін айтты.

Кремль оқиғаға түсініктеме берген жоқ. Путин 2 маусымда Қауіпсіздік кеңесі мүшелерімен отырыс өткізген. Ресми ақпаратта отырыста "Вагнер" мен Грозный арасындағы дау-дамай талқыланғаны айтылмайды. Кремльдің хабарлауынша, отырыс барысында Путин "ұлтаралық қатынас мәселелерін" талқылауды ұсынып, мұндай мәселелерді шешпесе, "Ресей Федерациясы аумағының ішінде жағдайды ушықтыру үшін қолданылуы мүмкін" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG