Accessibility links

Ресей қорғаныс министрлігі Украина қарсы шабуылға шыққанын мәлімдеді, Украина жоққа шығарды


Ресей қорғаныс министрлігі маусымның 4-іне таң ата Оңтүстік Донецк бағытының бес учаскесінде Украина қарсы шабуыл бастағанын мәлімдеді. Алайда Украина бұл туралы ақпарат таратқан жоқ. Ұрыс қимылдары күшейгені туралы бейтарап ақпарат та жоқ.

Ресей әскери ведомствосының мәліметінше, Украина қарулы күштері стратегиялық резервінде тұрған 23-ші және 31-механикаландырылған бригадаларын ұрысқа қосқан, оларға өзге әскери бөлімдер қолдау көрсеткен. Механикаландырылған алты батальон мен екі танк батальоны іске қосылған.

Ресей қорғаныс министрлігі "Украина әскері мақсатына жете алмады, тойтарыс берілді. Ресей қарулы күштері бас штабының бастығы Валерий Герасимов бұл кезеңде алғы шептегі пункттердің бірінде болды" деп отыр.

Кеше Ресейдің телеграм-арналары Украина әскері Запорожье мен Донецк облыстарының шекарасына соққы жасағанын хабарлаған. Кей арналар Украина әскері екі елді мекенді алды деп жазған.

Бүгін Украина қарулы күштерінің стратегиялық коммуникация басқармасы Ресей қорғаныс министрлігінің ақпаратын жоққа шығарды.

"Украина қарсы шабуыл бастамаса да, Ресей пропагандашылары қоғамды адастыру және украиндердің моральдық рухын түсіру мақсатымен жалған ақпарат таратып, ескі видеолар мен тұтқындарды көрсетіп жатыр" дейді Украина қорғаныс министрлігі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG