Accessibility links

Бас прокуратура "азаптауға бейім" полицейлерді алдын ала анықтауды ұсынды


Бас прокуратура азаптауға бейім полиция қызметкерлерін психологиялық тест арқылы алдын ала анықтауды ұсынған. Бас прокуратура таратқан ақпаратқа қарағанда, ұсыныс ведомствоаралық жиында айтылған.

Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігінің ведомствоаралық кеңесінде "полиция қызметкерлерінің адамды азаптауына жол бермеу мәселелері" талқыланған.

Кеңеске қатысқан бас прокурордың орынбасары Болат Дембаевтың сөзіне қарағанда, 88 азаматқа тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолданғаны үшін күш құрылымдарының 39 қызметкері жауапқа тартылған.

Бас прокуратура таратқан ақпаратта 88 азамат қай уақытта қандай оқиғаға байланысты азапталғаны нақты көрсетілмеген.

Бұл мәліметке қарағанда, Бас прокуратура полиция ғимараттары мен қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) мекемелерін тексеріп, 900 бейнекамера жұмыс істемей тұрғанын анықтаған.

Осыған байланысты аумақтық полиция департаменттерінің, ҚАЖК және ІІМ орталық аппаратының 19 басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Биыл 31 наурызда Бас прокуратура Қаңтар оқиғасына байланысты 11 қылмыстық істі тергеу аяқталғанын, 84 адамды азаптағаны үшін күш құрылымдарының 35 қызметкері қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын, тоғыз адам бас бостандығынан айырылғанын мәлімдеген.

Қаңтар оқиғасы кезіндегі азаптаулар мен кісі өліміне байланысты істерде күш құрылымдары ғимараттарындағы бейнекамералар "істемей қалғаны немесе жоқ боп кеткені" туралы ақпарат көбейген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG