Accessibility links

Көпбалалы аналар шақырғанда ШҚО әкімі Даниал Ахметов емес, қала әкімі шықты


Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне жиналған көпбалалы аналарға әкімдік қызметкері келіп тұр. Өскемен, 6 маусым, 2023 жыл
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне жиналған көпбалалы аналарға әкімдік қызметкері келіп тұр. Өскемен, 6 маусым, 2023 жыл

Бүгін, 6 маусымда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі алдына ондаған көпбалалы ана жиналып, облыс әкімі Даниал Ахметовті кездесуге шақырды. Кездесуге әкімнің өзі емес, орынбасары шықты.

Көпбалалы әйелдер Өскеменде мемлекет жалға берген тұрғын үй құрылысының сапасыздығына шағымданды.

Олардың сөзінше, мемлекет үш жыл бұрын салып, жалға берген үй қыста өте суық. Есік-терезелері жарамсыз боп қалған. Дұрыс жұмыс істемегендіктен, жертөлесі кәріз суына толған. Балалар алаңқайы аяқталмаған. Электр желілерінен жиі ақау шығып, жарық сөніп қалады.

– Терезе саңылауынан қыс бойы суық соғады. Балаларымызды қысқы аяқкиіммен ұйықтатқан күндеріміз болды. Жамап-жасқағанымыздан ештеңе шықпады. Жаңасына ауыстыруға шамамыз жетпейді. Мәселемізді қала әкімдігі жақсы біледі. Бірақ олардан бүгінге дейін қайран болмады. Сондықтан облыс әкіміне келуге мәжбүр болдық, – деді талап айтушылардың арасынан сөз алғандардың бірі.

Олар "әкімдік сапасыз салынған баспананы жөндемесе, жекемізге берсін, өз қаражатымызға қалпына келтіріп аламыз" десті.

Жиналғандар облыс әкімі Даниал Ахметовті шақырған. Бірақ әкімдік өкілі Даниал Ахметовтің "қалада еместігін" айтты.

Тұрғындармен кездесуге Ахметовтің орнына Өскемен әкімі Жақсылық Омар келді. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстанда жекешелендіруге жатпайтын 21 тұрғын үй бар. Қала әкімдігі де, облыс әкімдігі де бұл үйлерді жекешелендіру мәселесін шешу үшін заңға өзгерістер енгізуге министрлік пен депутаттарға хат жолдаған. Жауап әлі келмеген.

– Сіздердің араларыңыздан бірнеше адамды қосып, жұмыс тобын құрайық. Барлық үйді тексеріп, әр баспананы жөндеуге уақыт белгілейік. Мына баспананы осы күні жөндейміз деп келісейік, – деді Жақсылық Омар.

Наразылар мұндай жұмыс тобы бұрын да құрылғанын айтып сенімсіздік білдірді. Олар бір сағаттан астам уақыт тұрып, тарады.

Қазақстанда әлеуметтік көмек мақсатымен мемлекет тұрғын үйлерді жалға беру үшін бірнеше бағдарлама жасаған. Мұндай бағдарлама бойынша жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, табысы аз көпбалалы аналар мен көп балалы отбасыларға, I, II топтағы мүгедектер мен өзге де әлеуметтік санаттағы азаматтарға мемлекет пәтерді сатып алу құқығынсыз арзан бағамен жалға береді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG