Accessibility links

Шенеуніктердің "казиноға ақша салуы": қорғаныс министрлігі 11 қызметкерін жұмыстан босатты


Қорғаныс министрлігі 11 қызметкерін казино ойнағаны үшін қызметтен босатты. Қалған ондаған қызметкердің кейбіріне сөгіс жарияланып, кейбірінің қызметі төмендетілген. Бұл жөнінде Protenge телеграм-арнасы жазды.

Былтыр 305 қазақстандық шенеуніктің казиноға шамамен 506 миллион теңге ақша салғаны туралы хабар тараған. Арасында қорғаныс министрлігінің 95 қызметкері бары айтылған еді. Дегенмен қорғаныс министрлігі Protenge басылымына құмар ойынын ойнаған 63 қызметкер анықталғанын хабарлаған.

"11-і қызметтен босатылды. Қалған әскери қызметкерлерге қатаң сөгіс түрінде тәртіптік айыппұл салынды, қызметке толық лайық еместігі жөнінде ескерту берілді, әскери шені бір сатыға төмендетілді. Әскери қызметкерлердің бір бөлігі [казинода] ойнағаны анықталғаннан көп уақыт өтіп кетуіне байланысты жауапкершіліктен босатылды" деп жазған министрлік телеграм-арнаға жіберген жауабында.

2022 жылы қараша айында қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов казино ойнаған әскери қызметкерлердің аты-жөні анықталғанын, әрқайсысы бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатқанын айтқан. Ол құмар ойынын ойнаған әскери қызметкерлердің арасында жоғары лауазымды тұлғалар, генералдар жоғын жеткізген.

Офицерлер "казино ойнайтын ақшаны қайдан алған?" деген сұраққа министр сома көлемі "аса көп болмағанын" айтқан.

Былтыр казино ойнағандар арасында қорғаныс министрлігі қызметкерлерінен бөлек, ІІМ, қаржы министрлігі, Жоғарғы сот, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, жергілікті атқару органдарының өкілдері бары айтылған еді. Телеграм-арна оларға қандай шара қолданғаны туралы аталған ведомстволар мен мекемелерге сауал жіберген. Әзірге жауап келмеген.

Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері казиноға барғанын растаған. Ал Жоғарғы сот қызметкерлері жөніндегі ақпаратты терістеген. Қаржы мониторингі агенттігі қызметтік тексеріп жүргізіп жатқанын хабарлаған.

Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлеріне арналған Этика кодексінде мемлекеттік қызметтің беделіне қатысты талаптар бар. Онда мемлекеттік қызметкерлердің құмар ойындары орындарына баруына тыйым салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG