Accessibility links

Даниал Ахметов ұлына жақын кәсіпкерлер туралы Азаттық зерттеуіне пікірін айтты


Даниал Ахметов.
Даниал Ахметов.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өзінің ұлы мен оған жақын кәсіпкерлердің бизнесі туралы 3 мамырда жарияланған Азаттық зерттеуіне қатысты журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбатында бірінші рет жауап берді.

Журналист әкімге Бұқтырма суқоймасында көпір салып жатқан компанияға иелік ететін мәжіліс депутаты Лұқбек Тұмашинов пен Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Жанболат Қазановтың Талғат Ахметовке (ШҚО әкімінің ұлы – ред.) жақындығы туралы сұрақ қойған. Ол "СЕМИНКО" деген компанияда Лұқбек Тұмашинов, Жанболат Қазанов және Талғат Ахметовтер қатар құрылтайшы болғаны туралы Азаттық анықтаған деректерді келтірді.

Даниал Ахметов ұлы бұл компанияда құрылтайшы болғаны туралы мәліметті "сандырақ" деді.

"Талғат Даниалұлы Ахметов бұл компанияда жоқ деп ресми мәлімдеймін. Бәлкім, бір-екі күн болған шығар. Бұл дерек – сандырақ. Бүгінде ресми түрде "СЕМИНКО" компаниясында да, басқа жерде де жоқ. Бейресми де еш жерде жоқ" деді Ахметов.

Egov.kz порталындағы мәлімет бойынша, кіші Ахметов "СЕМИНКО" компаниясына 2019 жылғы мамыр-қыркүйек айларында құрылтайшы болған. Ал сол жылы әкім Ахметовке кәсіпкерлердің ұлдары Елдар Лұқбекұлы Тұмашинов пен Елдос Жанболатұлы Байрахметов жақындай түсіп, лауазымды қызметтерге тағайындалды.

Даниал Ахметовтің айтуынша, көпір салып жатқан "ОблШығысЖол" компаниясы тендерге сот шешімі арқылы "заң жолымен" иелік еткен.

"Мемлекеттік маңызды нысанның құрылысы туралы сұрақ көп қойылады. Мысалы, аталған компанияға тендер қалай берілді дейді. Бірақ түсінбейтін ештеңесі жоқ. Бұл мәселе бойынша сот рәсімі өткен болатын, шешімді сот шығарған" деді Ахметов.

Биыл жоба құны екі еседен артық қымбаттап, 60 миллиард теңгеге жеткен көпірдің тендері 2020 жылы өткен. Алғаш жеңімпаз болған "Атырауинжстрой-АИС" компаниясы кіші Ахметовке жақын басқа кәсіпкердің компаниясының шағымы бойынша байқаудан шеттетілген.

Арыздан соң әкімдік көпір салу тендерін конкурста екінші орын алған Лұқбек Тұмашинов пен Жанболат Қазановтың компаниясы – "ОблШығысЖолға" берді.

Даниал Ахметов сұхбат кезінде ұлының дәл өзі басшылық еткен Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында табысты бизнес жүргізуі "сәйкестік қана", "бәлкім, бизнесмен ретінде қолайлы жер деп таңдаған шығар" деді.

"Бұл – сөз жоқ, сәйкестік. Ұлым мұнай кеніштеріне, алтын кеніштеріне иелік етпейді. Үлкен зауыттары да, кемесі де жоқ. Ол қарапайым шаруалар секілді ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді, мал бағып, шөп өсіреді. (...) Иә, бір рет Forbes Kazakhstan журналының тізіміне әдейі қосқан. Кейін журнал бұл жалған ақпарат екенін түсінді. Ол тіпті бұл тізімге енетіндерді маңайламайды да" деді Ахметов.

2017 жылы 32 жасында Талғат Ахметов Forbes журналы жасаған ең бай 50 қазақстандықтың тізіміне кірген. Журнал оның байлығын 145 миллион доллар деп бағалаған. Ұлының байлығы туралы журналистердің сұрағына әкім Ахметов үнемі "Оның білімі жақсы. Бәріне өзі қол жеткізді" деп жауап береді. Бұл жолы ол ұлы Англиядағы King's College оқу орнын тәмамдағанын атап өткен.

Асхат Ниязов Даниал Ахметовтен алған сұхбатын өзінің YouTube-арнасына әлі жариялаған жоқ. Бірақ видео Даниал Ахметовті насихаттайтын бірнеше жарияланымы бар SOZ Media атты YouTube-арнада жарыққа шығып кетті. Оны кім түсіргені, арна кімге тиесілі екені белгісіз. Сұхбат түсірілген алаңда билікшіл телеарналардың журналистері мен өздерін жергілікті тұрғын деп таныстырған екі адам отырғаны көрінеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG