Accessibility links

Қазақстандағы ең ұзын көпір құрылысы екі есе қымбаттады. Бұған әкім Даниал Ахметовтің не қатысы бар?


Шығыстағы миллиардтар. Даниал Ахметовке жақын кәсіпкерлердің бизнесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:32 0:00

Шығыстағы миллиардтар. Даниал Ахметовке жақын кәсіпкерлердің бизнесі

Шығыс Қазақстан облысындағы Бұқтырма суқоймасында салынып жатқан елдегі ең ұзын көпір құны биыл екі есе қымбаттап, 60 млрд теңгеден асты. Азаттық көпірді салып жатқан компанияға иелік етіп отырған екі кәсіпкер мен облыс әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметов бизнес-серіктес болғанын анықтады. Әкімдік жобаның қымбаттауына "нарық пен қосымша жол құрылысы себеп" дейді. 19 наурыздағы сайлаудан соң қос кәсіпкердің бірі мәжіліске, екіншісі ШҚО мәслихатына депутат болды.

КӨП КҮТКЕН КӨПІР

Бұқтырма суқоймасы өткен ғасырдың орта шенінде салынды. 1960-жылдардың басында бөгенге су толтырылып, арасы Зайсан көлімен қосылып кетті. Сол жарты ғасырдан астам уақыттан бері жергілікті халық жол азабын тартып келеді.

Қытаймен шекарадағы Күршім ауданында 20 мыңнан астам халық тұрады. Жұрт өзге қалаларға осы көл арқылы қатынайды. Жазда ескі паромдармен жүріп, ал қыста мұз үстімен өтеді. Аудан орталығынан облыс орталығы Өскеменге дейін 211 шақырым жол.

Көлді айналып өтетін екі жол бар. Біріншісі – Қатонқарағай, Алтай аудандары арқылы өтетін таулы жол. Халық онымен Өскеменге барса, 180 шақырым артық жүреді. Ал Зайсан ауданы арқылы екінші жолмен қатынаса, 200 шақырым артық жер жүруге тура келеді.

Бұқтырма бөгенінде паром мұз қатқанша – қарашаның аяғы не желтоқсанның басына дейін істейді. Желтоқсан аяғында жергілікті билік мұз үстіндегі қарды күреп, жолды ашып, көлікпен өтуге рұқсат береді.

Бұқтырма суқоймасының Cамар мен Күршім аудандарын бөліп жатқан тұсы. Шығыс Қазақстан облысы, 31 тамыз, 2020 жыл
Бұқтырма суқоймасының Cамар мен Күршім аудандарын бөліп жатқан тұсы. Шығыс Қазақстан облысы, 31 тамыз, 2020 жыл

Бірақ бұл жолмен жүру қауіпті. Мұз бетімен өткенде жүргізушілер белдікті ағытып, есікті ашыңқырап, атып шығуға дайын отырады.

– Көпір болса, онда 5 шақырым өткелді бес-ақ минутта өте шығуға болар еді, – дейді Күршім ауданының тұрғыны Дүйсенбек Қалибеков. Оның айтуынша, халық жазда паромды екі-үш сағат күтіп қалады.

Паром да тоқтап, мұз да әлі жүруге жарамсыз мезгілде облыс орталығына айналма жолдармен барады. Мұндайда такси қымбаттайды. Шарасыз тұрғындар рұқсат етілмеген күндері де мұз үстімен жолға шығып кетеді. Былтыр желтоқсанда бес адам мінген көлік суға кетіп, 72 жастағы қария опат болды. Биыл қаңтар басында күн күрт жылығанда мұз жарылып, жол тазалайтын мекеме тракторы суға батты. Жүргізуші көліктен секіріп үлгеріп, аман қалды.

– О-о-ой, халық көпір аяқталғанын қатты тосып жүр. Әсіресе қыста қиын. Мұздан өтесің. Жарылып кете ме деп қорқасың... Кетіп те жатыр. Бұл мұз қаншама адамның ажалына қалып жатыр, – дейді Мұхтар есімді тағы бір күршімдік тұрғын.

– Халық тілегі орындалса екен. Көпір уақытылы салынып бітсе, сапасы жақсы болса деп тілеймін, – дейді Алматыдан келе жатқан жолаушы Гүлжан.

Күршім өткелі маңындағы асхана сыртынан 2020 жылдан бері салынып жатқан көпір құрылысы көрінеді.

Бұқтырма суқоймасында салынып жатқан көпір құрылысы. Шығыс Қазақстан облысы, 28 наурыз, 2023 жыл
Бұқтырма суқоймасында салынып жатқан көпір құрылысы. Шығыс Қазақстан облысы, 28 наурыз, 2023 жыл

КҮМӘНДІ КОНКУРС

Көпір қазіргі өткелден 15 шақырымдай жоғарыға, арнаның жіңішкерген тұсына салынып жатыр. Ұзындығы – 1,3 шақырым.

Көпір "уақытша көпір" әдісімен салынып жатыр. Алдымен уақытша көпір тұрғызылған. Ауыр техникалар соның үстімен көл ортасына барып, негізгі көпірдің тіреулерін қағып жатыр. Бұл тұста судың тереңдігі 10-15 метрге дейін жетеді. Құрылысшылардың айтуынша, жұмыстың 30-33 пайызы аяқталған.

Арнайы техника болашақ көпірдің тіреуін орнатып жатыр. Бұқтырма суқоймасы, Шығыс Қазақстан облысы. 4 ақпан, 2023 жыл
Арнайы техника болашақ көпірдің тіреуін орнатып жатыр. Бұқтырма суқоймасы, Шығыс Қазақстан облысы. 4 ақпан, 2023 жыл

Мемлекеттік сатып алу сайтының дерегіне сай, Күршім көпірінің жобасы 2020 жылы 26,2 миллиард теңге болды. Биыл қаңтардың аяғында жоба құны 60 миллиард теңгеге жетті. Екі еседен артық қымбаттаған.

2020 жылы елдегі ең ұзын көпірді салу тендеріне талас тартысты өтті. Конкурсқа бес компания қатысып, атыраулық "Атырауинжстрой-АИС" ЖШС жеңімпаз атанды.

Бірақ шешімге келіспеген бәсекелес компания – "Service СМУ" ШҚО мемлекеттік ішкі аудит департаментіне шағым түсірді. Бұл компанияның артында облыс әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғаттың бизнестегі серіктесі Айдос Бақтыбаев тұр.

Әкім Даниал Ахметовтің ұлымен серіктес кәсіпкер миллиардтап тендер алады
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:57 0:00

Арыздан соң департамент "тендерде заңбұзушылықтар анықталғанын" хабарлады. Жеңімпаз компанияны "суасты техникалық және теңіз қайраңындағы жұмыстарға лицензиясы жоқ" деген себеппен байқаудан шығарып тастады.

Конкурстан шеттетілген "Атырауинжстрой-АИС" компаниясының шешімді сотта даулау талпынысы сәтсіз аяқталды.

Сөйтіп, әкімдік көпір салу тендерін конкурста екінші орын алған "ОблШығысЖол" компаниясына берді. Бұл компанияға Лұқбек Тұмашинов пен Жанболат Қазанов деген кәсіпкерлер "Элхон" ЖШС арқылы иелік етеді. Олар да облыс әкімі Даниал Ахметовтің ұлымен бизнес-серіктес болған.

ӘКЕЛІ-БАЛАЛЫ ӘРІПТЕС ҺӘМ СЕРІКТЕСТЕР

Ресми дерек бойынша, қазірге дейін көпір құрылысында 20 млрд теңгенің жұмысы аяқталған. Мердігерге биыл 21 млрд теңге, келер жылы 20 млрд теңге беріледі. Жұмыс 2025 жылға дейін аяқталуға тиіс.

Облыс әкімдігі мен жауапты басқарма "жоба 2017 жылы жасалды, оның қымбаттауына көпірге апаратын 17 шақырым жол құрылысының қосылуы мен нарықтағы бағаның өсуі себеп" дейді.

Бұқтырма көпірін салып жатқан "ОблШығысЖол" компаниясы әуелде мемлекетке тиесілі болған. Аймақтағы жолдарды, көпірлер мен өткелдері күтіп ұстауға жауапты. Соның ішінде Күршім өткеліндегі паром жұмысын үйлестіріп отырды.

Компания Лұқбек Тұмашинов пен Жанболат Қазановқа 2018 жылы сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. Ал көпір құрылысының тендерін ұтқан компания 2020 жылы толық жекеге өтті.

"ОблШығысЖол" компаниясының сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілгені жайлы жарияланған ресми ақпарат
"ОблШығысЖол" компаниясының сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілгені жайлы жарияланған ресми ақпарат

"ОблШығысЖол" компаниясын Тұмашинов пен Қазанов мемлекеттен ондаған ауыр техника, бірнеше кеңсемен және жүздеген мүлкімен бірге нарықтағы құнынан арзанырақ сомаға – 930 миллион теңгеге жекешелендірген. 2017 жылы Cosmo group consulting тобы компанияны 1 миллиард 30 миллион теңгеге бағалаған.

Тұмашинов пен Қазанов облыс әкімі Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовпен бизнес-серіктес болғаны анықталды. 2019 жылы мамыр-қыркүйек аралығында үшеуі CEMINCO компаниясында құрылтайшы болған.

egov.kz электрон үкімет порталындағы ақпаратқа сәйкес, Лұқбек Тұмашинов пен Жанболат Қазанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовпен бизнес-серіктес болған
egov.kz электрон үкімет порталындағы ақпаратқа сәйкес, Лұқбек Тұмашинов пен Жанболат Қазанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовпен бизнес-серіктес болған

Кіші Ахметов пен қос кәсіпкер бизнесте тізе қосқан 2019 жылы әкім Ахметовке олардың ұлдары Елдар Лұқбекұлы Тұмашинов пен Елдос Жанболатұлы Байрахметов жақындай түсті.

Жеке компанияда директор болып отырған Елдар Тұмашиновті Даниал Ахметов "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына басшы қылып тағайындады. Ал Елдос Байрахметов корпорация басшысының орынбасары болған. Оның директорлар кеңесіне әкім Ахметовтің өзі төрағалық етеді.

Ахметов 2022 жылы Тұмашиновтің баласын Глубокое ауданына әкім етіп тағайындады. Оны ауданға Ахметовтің өзі барып таныстырып, "Елдар – бұған дейін-ақ жоғары деңгейлі әрі жауапты маман екенін дәлелдеген азамат" деп мақтай сөйледі.

Ал Қазановтың ұлы Елдос Байрахметов былтыр облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары болды. Биыл лауазымы өсіп, кәсіпкерлік және инновациялық даму басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.

ШҚО әкімі Даниал Ахметов кәсіпкерлердің ұлымен қызметтес. Ал әкімнің ұлы Талғат Ахметов кәсіпкерлер Лұқбек Тұмашиновпен және Жанболат Қазановпен серіктес болған. Азаттық зерттеуінен скриншот
ШҚО әкімі Даниал Ахметов кәсіпкерлердің ұлымен қызметтес. Ал әкімнің ұлы Талғат Ахметов кәсіпкерлер Лұқбек Тұмашиновпен және Жанболат Қазановпен серіктес болған. Азаттық зерттеуінен скриншот

Лұқбек Тұмашиновтің құрылыс компаниялары миллиардтаған қаржымен жұмыс істейді, жыл сайын табысы да артып келеді. Мемлекеттік тапсырысты өте көп алады. Аз сомадағысын да, қомақтысын да.

Кәсіпкердің жұбайына қарайтын "Терезе" компаниясы 2018 жылы ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен Семей әуежайын жөндеуге 10 млрд теңгеге келісімшарт жасасқан. Ал серіктесі Жанболат Қазанов – "Терезенің" директоры.

Ахметовтің бас болуымен екі жыл бұрын Өскемен әуежайы да жөнделді. Облыс басшысы сол уақытта "10 миллиард теңгеден астам қаражат игерілгенін" айтқан. Бұл миллиардтарды игеруге де Тұмашинов-Қазанов тандемінің "ОблШығысЖол" компаниясы қатысты.

"ОблШығысЖол" компаниясы жақында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен 10 млрд теңгеге тағы бір келісімшарт түзген. Оған сәйкес, биыл облыстық маңызы бар тас жолдарды күтіп ұстауды міндетіне алмақ.

Лұқбек Тұмашинов құрылыс компаниялары арқылы өзінің ұлы әкім болып отырған Глубокое ауданынан да мемлекеттік тапсырыстар алады.

Елдар Тұмашинов басқаратын Глубокое ауданынан 2022 жылы "ОблШығысЖол" компаниясы алған тендерлер тізімі
Елдар Тұмашинов басқаратын Глубокое ауданынан 2022 жылы "ОблШығысЖол" компаниясы алған тендерлер тізімі

Елдар Тұмашинов Глубокое ауданы әкімі қызметіне кіріскелі әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен ауылдық округ әкімдіктері "ОблШығысЖол" компаниясымен жалпы құны 1,1 миллиард теңге болатын сегіз келісімшартқа отырған. Үлкен Тұмашинов мұнда да екі көпір салып, бірнеше жолды жөндейді.

Тұмашиновтер мен Ахметовтер әулеті жақындығына тағы бір жанама дәлел бар. 2021 жылы Шығыс Қазақстан облысында бір топ кәсіпкер әкім Ахметовтің жұмысын сынап, "тендер бөлуде тамыр-таныстыққа салады" деп отставкаға кетуін талап еткен. Сол кезеңде Лұқбек Тұмашинов бастаған өзге бір топ кәсіпкер Алматыға келіп, Ахметовті қолдап, баспасөз мәслихатын өткізді. Кәсіпкер сонда "адал кәсіппен айналысқандарға барлық мүмкіндік бар" деп, Ахметовті қорғай сөйлеген. Әкімді айыптаған кәсіпкерлерді "өкпелі адамдардың кастасы" деп атаған.

АШУЛЫ КӘСІПКЕР МЕН ӘКІМНІҢ ЖАУАБЫ

Кейінгі үш шақырылымда облыстық мәслихат депутаты болып, өңір қаржысын бөлуге, кәсіпкер ретінде оны игеруге тікелей араласқан Лұқбек Тұмашинов "Аманат" партиясынан мәжіліс депутаты ретінде қызметке кірісіп кетті. Серіктесі Жанболат Қазанов ШҚО мәслихатына биліктегі "Аманат" партиясынан депутат болып сайланды.

Үгіт-насихат кезінде сайлаушылардың сұрақтарына Instagram желісінде онлайн жауап беруге шыққан Лұқбек Тұмашиновке "ШҚО әкімінің ұлымен бизнес-серіктес болуыңыз Күршім көпірі мен басқа да көптеген тендерге қол жеткізуіңізге ықпал етті ме?" деген сауал қойылды.

– Талғат Ахметовті мүлде танымаймын, шынын айтқанда. Онымен серіктес болып көрген жоқпын, – деді Тұмашинов.

Электрон үкімет порталындағы ақпаратқа сүйенсек, оның бұл сөзі жалған. Кәсіпкер сауалды парламент сайлауы қарсаңындағы "аяқтан шалу" деп ашуланды.

Бір кезеңде Ахметовтің ұлымен серіктестікте басқарған CEMINCO деген компания туралы Тұмашинов ол "Ақмола облысында барлау жүргізді, нәтиже болмай, ешқандай пайда таппаған соң, жабылып жатыр" деді.

Оның сөзінше, Күршім көпірі құрылысына "әлі бір тиын ақша бөлінбеген". Автомобиль жолдары басқармасы ұсынған және мемлекеттік сатып алу сайтындағы деректерге қарағанда, бұл сөзі де қате.

– Біз әлі салып жатырмыз. Бөлінеді, салынады. Ол көпір салынады. Оған уәде беремін, – деді Тұмашинов.

"Енді мұндай сұрақ қойсаң, сені өзім тауып сөйлесемін" деп сес көрсетті.

Азаттық Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовке де сауал жолдаған. Әкімдіктен екі хат келді. Онда көпір құнының қымбаттауында заңсыздық жоғы айтылған. Талғат Ахметов пен Лұқбек Тұмашиновтің CEMINCO компаниясында бірге серіктес болғанын жоққа шығарған. Отбасының байлығы мен бизнесі туралы сауалға әкім Ulysmedia.kz сайтына жауап берген деп, сұхбаттың сілтемесін салыпты.

– Олардың білімі де, іс жүзіндегі тәжірибесі де жақсы, – деген әкім Ulysmedia.kz-ке. Бұл сұхбатта Ахметов Forbes Kazakhstan журналы 2017 жылы елдегі ең ауқатты 50 адамның қатарына қосқан ұлы Талғат Ахметов басқарып отырған өңірдегі "Тұрғысын" ГЭС-інен басқа бизнесі туралы ашық жауап бермеген.

Қалқыған паром, қатерлі мұз...
please wait

No media source currently available

0:00 0:21:23 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG