Accessibility links

Бестөбеде кеншілер наразылық білдіріп жатқанына үш күн болды


"Алтыналмас" компаниясының ондаған жұмысшысы Бестөбе ауылында наразылық білдіріп тұр. 9 маусым, 2023 жыл.
"Алтыналмас" компаниясының ондаған жұмысшысы Бестөбе ауылында наразылық білдіріп тұр. 9 маусым, 2023 жыл.

Ақмола облысы Бестөбе елді мекенінде "Алтыналмас" алтын өндіру компаниясының ондаған жұмысшысы үшінші күн қатарынан наразылық білдіріп жатыр. Жиналғандардың біразы кеше, 8 маусымда жергілікті мәдениет үйінің алдында қонып шыққан. Осыған дейін кеншілер талаптарының орындалуын ғимарат ішінде күткен. Алайда билік өкілдері жұмысшылардан ғимаратты босатуды талап етті.

Жұма күні таңертең мәдениет үйінің маңына полицияның бірнеше көлігі мен шағын автобус келді. Олардың ішінде арнайы жасақ сарбаздары отырған болуы мүмкін деген болжам айтылды. Қазір оқиға орнында 60-қа жуық наразы кенші бар. Олардың басым бөлігі – жұмысын амалсыздан тоқтатуға мәжбүр болған "Алтыналмас" компаниясының жұмысшылары.

– Біз айтылған мәселелердің шешімін бейбіт түрде күтіп тұрмыз. Түнде көшедегі прожекторлар сөндірілді, шамасы, бізді тарап кетеді деп ойлаған болуы керек. Бірақ кеншілер өздерімен бірге жарық шамдарын, азық-түлік әкеліп, түнді жаңбыр астында өткізді. Таңертең мұнда көптеген полиция көлігі келді, тәртіп сақшылары көп жүр, ауыл әкімі де осында. Шағын автобуста арнайы жасақ отыр. Бізді тарату үшін келген шығар, – деді наразы кеншілердің бірі Азаттық тілшісіне.

Полиция жиналғандардан тарауды талап етті, бірақ кеншілер қайтпай отыр.

Кеншілер мен тұрғындар наразылығының екінші күнінен кейін "Алтыналмас" компаниясы Азаттыққа жазбаша түсініктеме берді. Серіктестік "шахтадан жерасты суын соруға және жұмысшылардың бір бөлігін жұмысқа жіберу бойынша тұрғындардың негізгі талаптарын орындауға дайын" екенін мәлімдеді. Қалған қызметкерлерге компаниялар тобының басқа жобаларында жұмысқа орналасу ұсынылды. "Дегенмен Kazakhaltyn Technology фабрикасын көшіру мәселесінде тараптар ортақ мәмілеге келген жоқ" дейді "Алтыналмастағылар".

– Бұл мәселенің көтерілуі орынсыз, себебі фабрика заңды түрде салынып, жұмыс істеп тұр, – деді компания өкілдері.

Сондай-ақ кәсіпорын "халықпен келісімге келе алмағандықтан, Бестөбе кенішінің жер қойнауын пайдалану құқығын мемлекетке қайтаруға дайын екенін" мәлімдеді.

Компанияның мәліметінше, 2021 жылғы шілде мен 2023 жылғы қаңтар аралығында жұмыс істемейтін кеніш жұмысшыларына орташа жалақы төленіп келген, қазір оларға салалық коэффициенті бойынша ең төменгі жалақы төленіп отыр.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев 8 маусымда брифингте сөйлеген сөзінде жағдайға толыққанды түсініктеме бермеді. Ол тек "Алтыналмас" компаниясының өңірдегі алтын өндіретін үш ірі елді мекендегі негізгі жұмыс беруші екенін айтты.

– Өкінішке қарай, Бестөбеде жұмысымыз екі жылдан бері тоқтап тұр. Бүгінде бұл мәселелер президент әкімшілігі мен үкіметтің бақылауында. Мен үлескерлермен талай рет кездестім, әріптестерім халықпен тұрақты түрде жолығып тұрады. Жұмыс тобы құрылды. Осы комиссия жұмысының арқасында біршама дұрыс шешім шығарылады деп ойлаймын. Иә, жұмысшылар түнеп шықты, олармен кездестік, жұмыс жүріп жатыр, бақылауда ұстаймыз, – деді Ақмола облысының әкімі.

Наразылықтың алғашқы күні кеншілер премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға үндеу жолдаған болатын.

Бестөбедегі шахта 2021 жылғы шілдеде жұмысын тоқтатты. Содан бері 1200 адам жұмыссыз қалды. Сол уақыттан бері шахталардағы суды сору тоқтатылған. Компания "суды төгетін жеріміз жоқ" десе, жұмысшылар мұны "халықты алтынды ашық әдіспен өндіруге итермелеу үшін жасалған әрекет" деген.

Былтыр желтоқсан айында компания Бестөбе кенішінің ұжымына ауылдағы қызметін тоқтату жөнінде шаралар қабылдап жатқанын және "уәкілетті мемлекеттік органдарға жер қойнауын пайдалану құқығын жаңа инвесторға қайта ресімдеуге көмектесуге дайын" деп үндеу жолдаған. 27 наурызда жұмысшылар жұмыстан босату туралы хабарлама ала бастады.

XS
SM
MD
LG