Маңғыстау облысындағы "Бозащы Мұнай" ЖШС кәсіпорнына қарайтын Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнынан шыққан өрт өшпей тұр. Төтенше жағдайлар қызметі әзірше өртті сөндірмеу керек деген шешім шығарған.
Өрт 9 маусымда басталған. Өртсөндірушілердің сөзінше, бұрғылау кезінде 1000 метр тереңнен газ-су қоспасы атқылап, өртке ұласқан. Жер астынан шыққан жалынның биіктігі 10 метрге дейін жеткен.
Өрт шыққанда "Заман Энерго" ЖШС бұрғылаушысының көмекшісі жараланған.
Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өрттің шығуына бұрғылау кезіндегі техникалық ақаулар себеп болуы мүмкін деген болжам таратты.
Төтенше жағдайлар департаменті өртті әзірге өшірмеу жөнінде шешім шығарған. Өрт қазір өшірілсе, төменде газ жиналып, жарылыс болуы мүмкін деп есептеген. Лаулаған жалыннан ұңғыма айналасы опырылып, ірі ойық пайда болған.
Төтенше жағдайлар департаменті өртті тоқтату амалын ақылдасу үшін арнайы кеңес өткізетін хабарлады. Ұңғыманы арнайы құрал-жабдықпен бітеу мүмкін болмағандықтан, айналасына арнайы ерітінді толтыруы мүмкін деген болжам айтылған.
ПІКІРЛЕР