Accessibility links

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің ұлы өгей шешесін сотқа берген


Петр Каримов.
Петр Каримов.

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің ұлы Петр Каримов өгей шешесі Татьяна Каримованы сотқа берген. Оның талап арызы Ташкенттегі Яккасарай ауданаралық сотында қаралады. Бұл жөнінде Азаттықтың Өзбек редакциясы хабарлады.

Ташкент қалалық сотының сайтындағы мәліметке қарағанда, талап арызға мұраға қалған мүлік дауы себеп болған.

Петр Каримов – Ислам Каримовтің бірінші әйелі Наталья Кучмиден 1969 жылы туған. Ислам Каримов пен Наталья Кучми сол жылы ажырасқан. Наталья Кучми 2008 жылы Ташкентте қайтыс болған.

54 жастағы Петр Каримов 1990 жылдардан бері көбіне Мәскеуде тұрған.

1988 жылы Ташкент халық шаруашылығы институтын бітіріп, қаржы саласында және "Узбекистон хаво йуллари" ұлттық әуекомпаниясының Мәскеудегі өкілдігінде қызмет істеген.

2018 жылы Петр Каримов "Узбекистон хаво йуллари" компаниясын сотқа беріп, "әкем өлген соң, 2017 жылы жұмыстан босатып, тиесілі ақшамды бермеді" деп арызданған. Екі жақ келісімге келгендіктен, іс сол жылы жабылған.

Ислам Каримов 2016 жылы қайтыс болды. Екінші әйелі Татьяна Каримовадан Гүлнара және Лола деген екі қызы бар.

2020 жылы наурызда Ташкент қалалық соты Гүлнара Каримованы 13 жыл төрт айға соттап, түрмеге қамаған. Оған "ақша жымқырды", "ақша жылыстатты", "рейдерлік жасады" деген бірнеше айып тағылған.

Еуропада тұратын Лола Каримова-Тилляева әкесі өлгеннен кейін Ислам Каримов атындағы қайырымдылық қорын құрған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG