Accessibility links

Лукашенко Путиннен ядролық қаруды "қайтаруды сұраған". Минск бұл қарудан 1996 жылы бас тартқан еді


Александр Лукашенко
Александр Лукашенко

Беларусьтегі билікті уысында ұстап отырған Александр Лукашенко Ресей президенті Владимир Путиннен Минскіге ядролық қаруды "қайтаруды сұрағанын" айтты.

Лукашенко "қазірше тактикалық зымыранды орналастыру жайлы айтып отырмыз, бірақ Беларусь стратегиялық ракеталарды орналастыру үшін алаң дайындап жатыр" деген.

Лукашенконың бұл сөзін БелТА агенттігі жариялады.

Беларусь аумағына Ресейдің тактикалық ядролық ракеталарын орналастыру туралы сөз биыл наурызда шыққан. Сол кезде Ресей президенті Путин Минскіге ядролық қару беру емес, орналастыру жайлы сөз болып жатқанын айтқан. Ал Лукашенконың сөзіне қарағанда, Беларусь ядролық қаруды қайтарып алмақ. Ядролық қару Беларусь аумағында 1996 жылға дейін болған.

"Басында Путиннен жай ғана сұрадым, кейін дос ретінде "әзірге тактикалық қаруды қайтар, маған сол жетеді" дедім. Қаруды Ресей ұсынған жоқ, бұл менің талабым болды" деді ол.

Лукашенко "Беларуське қандай да бір агрессия жасалса, бұл қаруды қолданудан тайынбаймын" деп сес көрсетті.

Беларусь пен Ресей – Ядролық қаруды тараптау туралы келісімнің мүшелері. Екі ел мұндай қаруды басқа елдерге және бір-біріне бермеуге тиіс. Совет Одағы ыдырағаннан кейін Беларусь Қазақстанмен және Украинамен бірге ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан. Осыдан соң Беларусьтің ядролық қару-жарағы Ресейге берілген, бұл жұмыс 1996 жылы аяқталған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG