Accessibility links

Маңғыстаудағы кен орнынан шыққан өрт қоршаған ортаны ластап жатыр  


Кеніштен шыққан өрт. Скриншот. 13 маусым, 2023 жыл, Маңғыстау облысы.
Кеніштен шыққан өрт. Скриншот. 13 маусым, 2023 жыл, Маңғыстау облысы.

Маңғыстау облысында "Бозащы Мұнай" ЖШС кәсіпорнына қарайтын Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнында 9 маусымнан бері жанып жатқан ұңғыма аумағынан қоршаған ортаны ластайтын заттар табылды. Маңғыстау облыстық экология департаментінің қызметкерлері мұны апат аймағындағы ауа мен топырақ сынамасын талдау кезінде анықтаған. Олар ластаушы заттар құрамында әсіресе метан көп кездескенін, нормадан бірнеше есе асып түскенін байқаған. Бұл туралы Азаттыққа 14 маусым күні департамент басшысы Руслан Түкенов хабарлады.

Оның сөзінше, өрт салдарынан қоршаған ортаға келген зиянның нақты көлемі өрт толық өшкеннен кейін жауапты мекемеге қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізген кезде белгілі болады.

Өңірдің бас экологінің уәжіне "Бозащы Мұнай" ЖШС экология бөлімінің басшысы Оралхан Тоғызбаева келіспейді. Ол алты күннен бері жанып жатқан кен орны аумағынан метанның нормадан шектен тыс асуы табиғи газ сыртқа шыққанда кездесетін қалыпты жағдай деп есептейді. Айтуынша, есесіне кен орнының 1000 метр жердегі санитарлық қорғау аймағынан қоршаған ортаны ластаушы заттар табылмаған.

Оралхан Тоғызбаева апат жойылған соң, жоспардан тыс тексеру "Бозащы Мұнай" кәсіпорнына емес, ұңғыманы бұрғылау жұмыстарын жүргізген компанияға қатысты жүргізілуі мүмкін деп есептейді. Жанып жатқан ұңғыманы "Заман Энерго" ЖШС бұрғылаған. Тоғызбаева бұл "Бозащы Мұнай" серіктестігінің кен орнындағы ұңғымаларды бұрғылаумен айналысатын бас мердігері – Caspian Drilling LLP ЖШС жалдаған кәсіпорын екенін айтады. Қазір "Бозащы Мұнай" серіктестігінде апат жағдайы неден болғанын анықтауға және өртті тез арада өшіру амалдарын қарастыруға кіріскен арнайы штаб құрылған.

Лаулап жанып жатқан ұңғыманы бұрғылау кезінде 1090 метр тереңдікте газ атқылап, өрт шыққан. Жоспар бойынша, бұл ұңғыма 1200 метр тереңдікке дейін қазылуы керек болған. Оңтүстік Қаратұрын кен орнында барлығы 20 мұнай-газ ұңғымасы бар.

Дәл осындай апат Маңғыстау облысында 2019 жылы "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-на қарайтын Қаламқас мұнай кен орнында болған. Кен орнындағы ұңғымалардың бірінде бұрғылау кезінде 435 метр тереңдікте газ атқылап, өрт шыққан. Оны да өртсөндірушілер сөндіре алмаған. Наурыздың 13-інде басталған өрт 28 наурызда өзі өшкен.

Мамандар Оңтүстік Қаратұрын мұнай-газ кен орнындағы ұңғыма қанша күн жанып, қанша күнде өшетінін айта алмайды. Себебі жер астында қанша көлемде газ бары белгісіз.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG