Accessibility links

Ресейлік әскери блогерлер генералдың кесірінен ондаған сарбаз қырылғанын хабарлады


Ресейлік әскери блогерлер Украинаның Луганск облысы Кременная қаласында Ресей армиясының ең ірі бірлескен жасағында адам шығыны көп болғанын хабарлады.

Соғыс туралы мәлімет таратумен айналысатын кейбір телеграм-арналар таратқан ақпаратқа қарағанда, генералды салтанатпен күтіп алу үшін сапқа тұрған ондаған ресейлік сарбаз украин артиллериялық соққысынан мерт болған. Бұл оқиғаны "Рыбарь", "Старше Эдды", "Повёрнутые на Z войне", "Два майора" және "Zаписки мичмана Птичкина" телеграм-арналары баяндады. Олардың бәрінің 3 миллионнан астам оқырманы бар.

"Кременнаяда шабуылға шығуға дайындалған дивизиялардың бірінде қайғылы оқиға болды. Адамдар екі сағат бойы тапжылмай тұрып, дивизия командирінің жігерлі сөзін естуді күткен... Генералдың орнына жауынгерлер украин артиллериясы мен HIMARS соққысына тап болды" деп сипаттады болған оқиғаны "Рыбарь" телеграм-арнасы.

Мәліметтерде нақты қанша сарбаз мерт болып, қаншасы жараланғаны айтылмаған. Түрлі деректер 50-100 сарбаз өлді деген мәлімет келтіреді. Генералдың аты-жөні де айтылмады.

Әзірге расталмаған кейбір мәліметке қарағанда, ресейлік сарбаздар генерал-майор Сухраб Ахмедовтің келуін күткен болуы мүмкін. Ол мұның алдында "Восток" әскери тобы мен Тынық мұхит флотының 155-бригадасына қолбасшылық еткен. Дәл осы бригада Приморский өлкесінің губернаторына хат жазып, 400-ге жуық жауынгер Украинаның Донецк облысы Павловка ауылы маңындағы ұрыста мерт болғанына Ахмедовті айыптаған.

Ресей қорғаныс министрлігі әскери блогерлер жариялаған мәліметке қатысты ешқандай ақпарат таратпады. Украина қарулы күштерінің бас штабы да Кременнаяға соққы жасалғаны туралы мәлімет жарияламады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG