Accessibility links

Шымкент билігі Путинді қолдайтын Елена Малышеваның орталығын ашуға дайын екенін мәлімдеді


Ресей тележүргізушісі Елена Малышева.
Ресей тележүргізушісі Елена Малышева.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 15 маусым күнгі брифинг кезінде Шымкентте ресейлік тележүргізуші Елена Малышеваның орталығы ашылады деген ақпаратқа түсініктеме берді. "Ешкім қайырылған жоқ, ешкім құжат тапсырған жоқ" деді әкім. Алайда ол "егер құжаттары дұрыс болса, ешкім де [Малышеваға орталық ашуға] тыйым салмайды" деді.

Азаттық тілшісі әкімге "Шымкент билігі Ресей тележүргізушісіне рұқсат беру-бермеу мәселесін шешкен кезде заң талаптарынан бөлек, беделіне де қарай ма?" деген сұрақ қойды.

– Қазақстан "біз бәріне ашықпыз, бәрімен доспыз" деген ұстанымды қолдайды. Оның емдеу тәсілдерінен хабарсыз екенмін. Қазір талқылауға әлі ерте. Малышеваның ұстанымы мен методикасы – екі түрлі нәрсе. Бірақ Қазақстан көпполярлы мемлекет. Біз бәріне ашықпыз. Біз осы бағытта жұмыс істейміз, – деді Шымкент әкімі.

Жуырда әлеуметтік желіде Шымкент қаласында Ресей тележүргізушісі Елена Малышеваның медициналық орталығы ашылады деген жаңалық талқыланған.

Желі қолданушылары Шымкентте Малышеваның клиникасының атауы қазақша жазылмағанына наразы болған.

Ресейлік тележүргізуші, дәрігер Елена Малышева Путинді қолдап, Украинадағы соғысты айыптамаған. Бұған қоса, оның емдеу тәсілдері де талай сынға ұшыраған.

Елена Малышева бағдарламасы шыққаннан кейін де талай рет дауға қалған. Ресей ақпарат құралдарының жазуынша, Малышеваның айтқандары мен эфирдегі зерттеулеріне байланысты "Первый каналдың" үстінен сотқа бірнеше шағым түскен. Оның айтқандарын дәрігерлер бірнеше рет сынға алған.

XS
SM
MD
LG