Accessibility links

HRW діни ән үшін сотталған өзбек студентінің ісін әділ қарауға үндеді


Жахонгир Ұлықмұратов.
Жахонгир Ұлықмұратов.

Өзбекстан үкіметі әлеуметтік желіде діни ән (нәшид) жариялағаны үшін үш жылға сотталған Жахонгир Ұлықмұратовтың ісін әділ қарауға тиіс. Human Rights Watch ұйымы осы іске қатысты мәлімдеме таратты.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымының пікірінше, 20 жастағы студент Жахонгир Ұлықмұратовтың үстінен қозғалған іс оның діни құқықтары мен еркіндігін бұзады.

"Кейінгі уақытта үкімет "экстремистік" деп таныған контент жариялаушыларды жиі жауапқа тарта бастады" деп жазды ұйым.

Жахонгир Ұлықмұратов ісіне қатысты апелляциялық сот Ташкентте 14 маусымда өтуге тиіс болған. Әзірге сот процесі мен үкім туралы еш мәлімет жоқ.

Мамырда 20 жастағы студент Жахонгир Ұлықмұратов Telegram-дағы сыныптастар чатына YouTube-тегі видеоның сілтемесін салған. Дін істері жөніндегі комитет ән "діни фанатизмге толы" деп есептейді.

HRW ұйымы ән мәтіні "зорлыққа үндемейді" деп отыр.

Халықаралық ұйым Ташкент, Наманган және Әндіжан қалаларында бірнеше жас жігіт дәл осындай айыппен сотталғанын атап өтті. Биыл 30 қаңтарда Өзбекстан соты 21 жастағы Сардор Рахмонқұловты діни ән таратқаны үшін бес жылға соттаған. Жас жігіт "нәшидті" сыныптасына үш жыл бұрын жолдаған. Апелляциялық сот бас бостандығынан айыруды шартты жазаға ауыстырған.

22 мамырда Жизақтың 19 жастағы тұрғыны да дәл осындай айыппен үш жылға сотталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG