Ермек Көшербаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болды. 16 маусымда Өскеменде облыстық мәслихат сессиясында депутаттар оның кандидатурасын мақұлдады. Ізінше Ақорда сайтында тиісті жарлық жарияланды. Заң бойынша, облыс әкімін мәслихат депуттарының мақұлдауымен президент тағайындайды. Көшербаев жұма күні Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметінен де босатылды.
Ақпаратқа қарағанда, ШҚО әкімдігіне екі-ақ кандидат ұсынылған: Көшербаевпен бірге ШҚО әкімінің орынбасары Дархан Сапанов ұсынылған. Дауыс беру тікелей эфирде көрсетілмеді. Мәслихат сессиясы болған ғимаратқа Азаттық тілшісін кіргізбеді.
58 жастағы Көшербаев 2020 жылдан бері Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған. Ол Шығыс Қазақстан облысы әкімдігін тоғыз жыл басқарған Даниал Ахметовтің орнын басты. Даниал Ахметов жұма күні таңертең ШҚО әкімі қызметінен босатылған.
Көшербаев елшілікке дейін 2019-2020 жылдары сыртқы істер министрінің орынбасары болған. Әр жылдары сыртқы істер, ауыл шаруашылығы министрліктерінде түрлі қызмет атқарған. Оның биографиясында "ҚазМұнайГаз", "ҚазТрансОйл" сияқты ірі компаниялардың да аты аталады. 2010-2014 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған.
ПІКІРЛЕР