Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен босатылды. Тиісті жарлық жұма күні таңертең Ақорда сайтында жарияланды.
15 маусымда Шығыс Қазақстан облысы әкімі қызметін 2014 жылғы қарашадан бері атқарған Даниал Ахметовтің өкілеті аяқталған. Дәл осы күні ол 69 жасқа толған.
Бұған дейін 16 маусымда таңертең Өскеменде мәслихат депутаттары ШҚО әкімі болуға кандидаттарға дауыс беретіні хабарланған. Жергілікті телеграм-арналар ШҚО әкімі қызметіне кім тағайындалуы мүмкін екенін жазып жатыр. Азаттық тілшісі дауыс беру сәтінен ақпарат таратуға тырысқан, алайда жұма күні таңертең облыстық мәслихат сессиясы өтеді деген ғимаратқа тілшіні "алдын ала тіркелмедіңіздер" деп кіргізбеді. Ғимарат сыртында ұлдарының өлімін әділ тергеуді көп жылдан бері талап етіп келе жатқан ерлі-зайыпты зейнеткер Тарасовтар пикет жасап тұрды.
Мемлекеттік басқару аппаратындағы ардагерлердің бірі делінетін Даниал Ахметов кейінгі кезде өзінің ұлы мен оған жақын кәсіпкерлердің бизнесіне қатысты зерттеуге байланысты дауға ілінген. 8 маусымда журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбатында ол ұлының тендер ұтқан кәсіпкерлерге қатысы жоғын айтып, ықтимал заңсыздықтарды теріске шығарған.
Ахметов ШҚО әкімі болғанға дейін түрлі лауазымды қызмет атқарды. 2012-2014 жылдары Еуразия экономикалық комиссиясының энергетика және инфрақұрылым министрі, 2007-2009 жылдары қорғаныс министрі, 2003-2007 жылдары премьер-министр болған. 2017 жылы зейнетке шыққан. Бірақ сол кездегі президент Назарбаев Ахметовтің құзыретін 2022 жылға дейін ұзартқан. Былтыр желтоқсанда Тоқаев оны ШҚО әкімі қызметінде қалдырды.
Бұған дейін Ахметовті сынаған блогерлер қылмыстық қудалауға ұшырап, қамауға алынған.
ПІКІРЛЕР