Accessibility links

ОАР президенті күзетінің ұшағы Варшавадан Петербургке ұшып кете алмады


Украина президенті Владимир Зеленский және Оңтүстік Африка республикасының басшысы Сирил Рамафоса (оң жақта) баспасөз конференциясы кезінде. Киев, 16 маусым 2023 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский және Оңтүстік Африка республикасының басшысы Сирил Рамафоса (оң жақта) баспасөз конференциясы кезінде. Киев, 16 маусым 2023 жыл.

Оңтүстік Африка республикасының президенті Сирил Рамафосаның күзет қызметкерлері мен пресс-пулы мінген South African Airways әуе компаниясының ұшағы Варшавадан Санкт-Петербургке ұшуға рұқсат ала алмады. Рамафоса Африка елдерінің бітімгершілік миссиясының құрамында Украина мен Ресейді аралап жүр.

Оңтүстікафрикалық News24 порталының хабарлауынша, лайнер 15 маусымда ұшып келген. Бір тәуліктен астам әуежайда тұрып қалған ұшақ Преторияға қайта ұшып кеткен. Ұшақ бортында болған журналистер Варшаваға ұшып келгеннен кейін бірнеше сағаттан соң ғана қонақүйге кіре алғандарын айтқан.

Рамафоса Варшаваға жеке ұшақта ұшып келген. Оның күзетшілері Киев пен Петербургке президенттен бұрын бірінші барып, сол жақта оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс болған.

Поляк жағының айтуынша, күзетшілер қару-жарақ толтырылған 12 жәшікті (кей дерек бойынша 13 жәшік) түсірмек болған. Нәтижесінде поляк кеденшілері ешқайсысына ұшақтан түсуге рұқсат бермеген.

Польша сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, ұшақ бортында қауіпті материалдар болған, ОАР өкілдерінде оларды әкелуге рұқсат болмаған. Хабарламада қандай материал екені айтылмайды.

  • 16 маусымда Африканың жеті елінің делегациялары Киевтегі келіссөзде Украина президентіне бейбітшілік жоспарын таныстырған. Владимир Зеленский келіссөзден кейін Ресей әскерін Украина жерінен алып кетпейінше (Қырымнан да) Мәскеумен келіссөз жүргізбейтінін айтты. Зеленский жоғарыда аталған шарт орындалмай келіссөзді бастау соғысты аяқтау емес, оны әншейін кейінге шегеру дегенді білдіреді деген.
  • 17 маусымда Африка елдерінің өкілдері Санкт-Петербургте Ресей басшысымен кездескен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG