Accessibility links

"Тиктокта өте көп отырамын. Не істеймін?" Интернетке тәуелділікті жеңудің алғышарттары


Азаттықтың "Жаншипа" психологиялық подкасының 15-эпизодында интернетке, әлеуметтік желіге тәуелділік мәселесін талқыладық. Желіге тәуелділікті қалай жеңеміз? Бала интернетке тәуелді болса, ата-ана не істеуі керек? Желіге тәуелділіктің белгілері қандай? Міне, бұл сұрақтарға 20 жылдан аса тәжірибесі бар психолог Алтыншаш Матаева жауап берді.

"Тиктокта өте көп отырамын. Не істеймін?" Интернетке тәуелділікті жеңудің алғышарттары
please wait

No media source currently available

0:00 0:26:02 0:00

Эпизодта психолог Алтыншаш Матаева айтқан ойлардың маңызды тұстарын мәтін түрінде де ұсынамыз:

Психолог Алтыншаш Матаева (Сурет маманның жеке мұрағатынан алынды).
Психолог Алтыншаш Матаева (Сурет маманның жеке мұрағатынан алынды).

Әлеуметтік желі мен интернетке тәуелділік қазір ауқымды мәселе болып тұр. Бұл мәселені қалай тоқтатуға болады? Ең алдымен, адам өзін шектеуі керек. Қазір ұялы телефонға желіде көп отырғанын ескертетін қосымшалар бар, тіпті болмаса "будильник" қойып реттеуге болады. Немесе телефоннан әлеуметтік желілерді мүлде алып тастаған жөн. Адам алдымен өзінен "Бұл желі маған керек пе, Тиктоктың беріп жатқан пайдасы бар ма?" деп сұрауы керек. Егер "иә, қажет" десе, онда "не үшін қажет, қандай парақшалар керек" деп сұрыптап алғаны жөн. Қазір желіде видео көп, соның ішінде пайдалы видеоларды таңдай білсек жақсы.

Бізге келетін балалар "социофобпын, социопатпын, өзге адамдармен қарым-қатынас құруға, ойымды айтудан қысыламын, осы мәселені қалай шешемін?" дейді. Психологтар мұның себебін анықтауымыз керек, себебі әртүрлі болуы мүмкін. Бәлкім ата-анасынан қорқатын шығар, мектепте буллинг болған шығар. Бірақ балалар интернетте көп отырады. Бұл көптеген мәселеге әкеліп жатады.

Жалпы интернеттің де пайдасы бар. Мысалы, психологқа екінің бірі бара алмайды, сондықтан желіне адам өзін дамытуға, өзін қалыптастыруға қолданғаны дұрыс.

ИНТЕРНЕТКЕ ТӘУЕЛДІЛІКТІҢ БЕЛГІЛЕРІ ҚАНДАЙ?

Баланың тіл байлығы төмендейді, сөйлеуі азаяды, достары аз, өзіне көңіл бөлмейді. Балалар арасында қазір "dead inside" (іштей өлік) деген сөз бар. Себебі оларда сезім жоқ. Желі көп сезім тудырмайды.

Ал ересек адам басыла бастайды. Қуаты азайып, шаршап жүреді. Себебі интернет көп қуатты алып қояды. Қимыл болмаса қан айналымы бұзылады. Мұның бәрі негатив ойға, негатив агрессияға әкеледі. Бұдан шаршау, ашу, жалқаулық, депрессивті ойлар пайда бола бастайды.

ЖЕЛІГЕ ТӘУЕЛДІЛІКТІ ЖЕҢУДІҢ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМДАРЫ

Желіде отыратын уақытты азайтыңыз, азайта алмасаңыз телефоныңыздан алып тастаңыз. Одан кейін спортпен шұғылданыңыз. Бұл кеңестерді жеті күн орындасаңыз, жеңілдейсіз. Үшінші-төртінші күндері іштей қарсылық пайда болып, интернетті көргіңіз келіп тұрады. Сондықтан әлеуметтік желілерді бірден жойып тастаған да дұрыс. Ал баланы интернетке тәуелділіктен құтқарам десе, ата-ана балаға көп көңіл бөлуі керек. Баланың әр уақытын жоспарлап, сонымен бірге өткізгені жөн.

ИНТЕРНЕТКЕ ТӘУЕЛДІЛІК ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?

Жасөспірімді алсақ, олар ата-ана мейірімін қалайды. Ата-ана махаббатын іздейді. Ата-ана уақыт бөлмеген соң, қадағаламаған соң, дұрыс шектеу қоя алмаған соң интернетке жүгіреді. Балаға шектеу қойғанда да не үшін шектеу қойғанын дұрыстап түсіндіру керек. Бірден доғар деп телефонды тартып алса, балаларда ата-анаға деген агрессия пайда болады. Сондықтан балаға шектеуді ақылмен қойған жөн.

Ал ересектерде бос уақыт көп болса, өз потенциалын пайдалана алмаса интернетте отырады. Жұмысы, мақсаты бар адам әлеуметтік желіде көп отырмайды. Сондықтан мақсат пен арманды қалыптастырған жөн.

"Жаншипа" подкасының барлық эпизодын Youtube арнамыздан я Apple podcasts, Google podcasts платформаларынан да тыңдай аласыз. Іздеу жүйесіне "Жаншипа" деп терсеңіз, шығады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG