Accessibility links

Әскери сот Талдықорғандағы Қаңтар оқиғасынан кейін оққа ұшқан отбасының өліміне бір жауынгерді кінәлі етті


Сейітқұловтар мінген көлікке оқ атты деп айыпталған жауынгер Данияр Егембаев (оң жақ шетте). 26 маусым, 2023 жыл. Алматы
Сейітқұловтар мінген көлікке оқ атты деп айыпталған жауынгер Данияр Егембаев (оң жақ шетте). 26 маусым, 2023 жыл. Алматы

Бүгін, 26 маусымда Алматы гарнизонының әскери соты Талдықорғанда Қаңтар оқиғасы кейін, 8 қаңтарда көшеде көлігімен кетіп бара жатқан Сейітқұловтар отбасына оқ атқан қатардағы жауынгер Данияр Егембаев деген тұжырымға келіп, жеті жылға соттады.

Алайда сот шешіміне қарағанда, Данияр Егембаевтың оғынан Нұрболат Сейітқұлов пен 15 жасар қызы Нұрай Оразақын өлген. Олармен бір көлікте, бір мезетте бірге өлген Алтынай Етаеваға тиген оқты кім атқаны дәлелденбеген. Алтынай Етаева ісі бөлек сотта қаралады.

№18 404 әскери бөлім қызметкері, 21 жастағы жауынгер Данияр Егембаевты Қылмыстық кодекстің "Билікті асыра пайдалану" (451-бап, 2-бөлім, 1-тармақ) бабы бойынша кінәлі деп таныған.

Судья Зарина Рахметова жауынгер Егембаевты жәбірленуші тарапқа моральдық және материалдық шығын ретінде 7, 4 миллион теңге төлеуді міндеттеді.

Былтыр 8 қаңтарда Нұрболат Сейітқұлов пен Алтынай Етаева және олардың 15 жастағы қыздары Нұрай Оразақын Талдықорған қаласында кешкі тоғыздар шамасында жеке көлігімен кетіп бара жатқанда "құқық қорғау органдары мен әскери қызметкерлер" атқан оқтан қаза болған.

Үкім оқылып бітпестен сотталушының туыстары үкімге наразылығын білдірді. Сотталушы Егембаевтың анасы Аяужан Егембаева "ұлым бұйрықты орындаушы ғана, оның қасында 12-13 әскери қызметкер болған" деп санайды.

- Жалғыз менің ұлымды кінәлі еткені әділетсіздік. Оның қасында тәжірибелі әскери қызметкерлер, офицерлер, ішкі істер органының арнаулы жасағы болды. Солардың бәрін сотқа әкелу керек еді. Ұлыма бұйрық берген командир де жоқ. 12-13 адамның ішінен тәжірибесі жоқ, 21 жастағы менің ұлымды ғана кінәлі етіп отыр. Бұйрық берген адамдар жауапқа тартылуға тиіс. Сотта 57 оқ атылғаны айтылды. Соның ішінде менің баламның 2 оғы ғана дәлелденіп отыр. Апелляциялық шағым түсіреміз, істі қайта тергеуді талап етеміз", - деді сотталушының анасы Азаттыққа.

Марқұм Сейітқұловтың әпкесі, жәбірленуші Дариға Дәуітәлиева "Сейітқұловтарға 120 оқ атылған" деп санайды.

- Сот Нұрболат пен Нұрайдың басына тиген оқтарды дәлелденді деп отыр. Оларға 120 оқ атылған. Бірақ бір адам ғана кінәлі боп шықты. Атқан адамның бәрі жауапқа тартылуға тиіс еді, - деді Дәуітәлиева.

Қаңтар оқиғасынан кейін қаза болған Сейітқұловтар отбасына байланысты сот бір жылдан соң, биыл 20 қаңтарда басталған. Егембаев сот басталған кезде оқ атқанын мойындаған, бірақ тағылған айыпқа келіспей:

– Көліктің дөңгелегін көздедім. Әдейі атсам, 30 оқ та адамға тиер еді ғой. Өзіме тағылған айыпты мойындамаймын,- деген.

2022 жылы Талдықорғандағы Қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелеңде Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші құлатылған. Қаңтардың 4-і мен 5-індегі дүрбелең аяқталған соң, қаңтардың жетісіне кешкі сегізге қарай үйінен шыққан ерлі-зайыпты Қайрат Нұрғалиев пен Лаура Нұрғалиева және достары Андрей Карпиленко мінген көлікке оқ атылып, Қайрат пен Андрей өлген, Лаура жараланған. Бұл іс бойынша әзірге сот үкімі шыққан жоқ.

Қаңтардың сегізі күні Сейітқұловтар отбасына мінген көлікке оқ атылып, көліктегі үшеуі бір мезгілде қаза болған.

Қаңтар оқиғасынан кейін әскери гарнизон шетінен өтіп бара жатып, оққа ұшқан 24 жастағы малшы Ерназар Қырықбаевты атымен қоса атып өлтірген жауынгер Марк Злуняев алты жылға бас бостандығынан айырылған еді. Осы аптада сот әскери десант бөлімінің қызметкеріне шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG