Accessibility links

Ресей билігінің "Вагнер" секілді жалдамалы жасақ құрудан бас тарта бастағаны байқалды


Ресей думасы халықаралық істер комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий
Ресей думасы халықаралық істер комитетінің төрағасы Леонид Слуцкий

Бұрын Владимир Жириновский жетекшілік еткен Ресей либерал - демократиялық партиясы (ЛДПР) саны 7 миллион адамнан кем емес келісімшарт негізінде әскер құруды ұсынып отыр. Бұл жөнінде партияның қазіргі жетекшісі Леонид Слуцкий телеграм-арнасына жазды.

"Біз үлкен қантөгістен аман қалдық. Бірақ қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету үшін кемі 7 миллион адамы бар келісімшарт негізіндегі әскер құруымыз керек", - дейді ол.

Слуцкий ешқандай жекеменшік әскери компания да, оған ұқсас құрылымдар да керек емес деп санайды.

Слуцкийдің сөзінше, Пригожин бүлігі кезінде "ұшқыштарды, шын мәнінде майдандастарын өлтірген адамдарды сотқа тартып, қатаң жазалау керек".

Ресей президентінің бұрынғы көмекшісі және президент әкімшілігі басшысының бұрынғы орынбасары Владислав Сурков Ресейде жекеменшік әскери компания ұстауға қарсылығын білдірді.

"Жекеменшік әскери компания прокси-соғыстарға қатысу үшін құрылды. Қазір Украинаға қарсы ашық майдан болып жатқанда оның керегі не? Бұл прокси-соғыс емес, бұл - арнайы әскери операция. Әскерді қарумен ғана емес, бір орталықпен де нығайту керек",- дейді Сурков саяси технолог Алексей Чеснаковқа берген сұқбатында.

Ресей билігінің нұқсауымен құрылған "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы шетелдегі түрлі қарулы қақтығыстарға қатысқан.

Ресей әскері 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кірген соң Путиннің сенімді адамы Евгений Пригожин бастаған "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы Ресейге оралған. Ресей билігі Пригожиннің түрме аралап, сотталғандарды "Вагнер" құрамына жалдамалы ретінде тартуына жағдай жасаған.

"Вагнер" Украина әскерімен соғысқа тікелей араласып, ұрыс тәжірибесі Ресейдің тұрақты әскерінен көптігін аңғартқан.

Алайда кейінгі айларда "Вагнер" жетекшісі Евгений Пригожин Ресей қорғаныс министрілігінің жетекшілеріне наразылығын ашық байқатқан.

Ақыры соңында 23 маусымда қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен бас штаб бастығы Валерий Герасимовты жазалау мақсатымен Мәскеуге қарай "әділет жорығын" бастап, Путин билігіне қауіп төндірген.

Пригожин жасағы Мәскеуге 200 шақырым қалғанда Беларус президенті Александр Лукашенкомен келіссөзден кейін тоқтаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG