Беларусь президенті Александр Лукашенко Мәскеуге "әділет жорығын" бастаған "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожинмен не сөйлескенін айтты. Лукашенко мұны құқық қорғау органдары мен әскери құрылым басшыларымен кездесуде әңгімелеген.
Лукашенко Ресейде "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы қарулы бүлік шығарған соң Беларусь әскерін толық әскери дайындыққа келтіру туралы бұйрық бергенін мәлімдеді.
Оның сөзіне қарағанда, Лукашенко Ресейдегі жағдай бақылаудан шығып бара жатқанын түсінген. "Мен айттым: мені батыр жасаудың керегі жоқ, мені де, Путинді де, Пригожинді де. Өйткені жағдайды ушықтырып алдық, өзі тарап кетеді деп ойладық, олай болмады. Сөйтіп майданда жүрген екі адам қақтығысты. Бұл жерде ешқандай батыр жоқ" деген Лукашенконың сөзін Беларусь президентінің телеграм-арнасы таратты. Майдандағы екі адамның кім екенін Лукашенко нақтыламаған.
Бұған дейін Пригожиннің ұшағы Минск төңірегіндегі әскери аэродромға қонғаны туралы хабар тараған.
23 маусымда "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин зымыранмен атқылады деп Ресейдің тұрақты әскерін айыптаған. Соған байланысты Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен бас штаб бастығы Герасимовты жауапқа тарту үшін Мәскеуге қарай "әділет жорығын" бастаған.
Бір тәулікте Дондағы Ростов қаласына бақылау орнатып, Воронеж қаласынан өткен. Сенбі күні кешке Беларусь президенті Александр Лукашенкомен келіссөзден кейін Пригожин Мәскеуге 200 шақырым қалғанда жорығын тоқтатқан.
ПІКІРЛЕР