Accessibility links

Жеңіс Қасымбек Астана әкімдігінің соғысқа қарсы митингіге рұқсат бермегенінен "хабары жоғын" айтты


Украинаны қолдау акциясы. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.
Украинаны қолдау акциясы. Алматы, 6 наурыз 2022 жыл.

Астана әкімдігі бірнеше аймақ әкімдіктері сияқты Ресей басқыншылығына 500 күн толуына орай жоспарланған Украинаны қолдау митингісіне рұқсат бермеді.

"БелсенділерЭкстремистЕмес" тобының мәліметінше, астаналық белсенділер соғысқа қарсы акцияны 2 шілдеде өткізгісі келген, Астана әкімдігіне сол жөнінде ескерту-хабарлама берген. Алайда шенеуніктер "шара туралы ақпарат толымды емес" екенін алға тартып, митингіге рұқсат бермеген.

30 маусым күнгі брифингте осы туралы сұраққа жауап берген Астана әкімі Жеңіс Қасымбек "әкімдік митингіге рұқсат бермеді" дегенді "бірінші рет естіп отырғанын" айтты.

"Демек, сол кезде ол орын бос емес болып шыққан немесе өтініш дұрыс толтырылмаған. Бұл ақпаратты бірінші рет естіп отырмын... Украинаны қолдау немесе қолдамау, ондай сұрақ қоймаймыз. Егер құжаттары дұрыс болса, рұқсат беріледі" деді Қасымбек.

Ол әкімдік "сылтау айтып" өтініштерді "қайтармайды" деді.

"Қалада осындай шараларға арналған орындар бар. Сондай орындарда жыл басынан бері жүздеген шара өтті" деді Астана әкімі.

Бұған дейін Алматы, Петропавл, Көкшетау, Орал қалаларының әкімдіктері де белсенділерге 2 шілдеге жоспарланған Украинаны қолдау митингісін өткізуге рұқсат бермеген еді. Белсенділер Ресейдің Украинаны басып кіруіне 500 күн толуына орай соғысқа қарсы митинг өткізбек болған.

"Алға, Қазақстан!" тіркелмеген оппозициялық партиясының белсенділері Алматы әкімдігіне 2 шілдеде «Сарыарқа» кинотеатрының артындағы алаң немесе Шоқан Уәлиханов атындағы алаңда митинг өткізетінін айтып, хабарлама берген. Жергілікті билік шара "қоғамға қауіп төндіруі мүмкін" деген себеппен митинг өткізуге рұқсат бермеген.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстан бойынша 2 шілдеге жоспарланған соғысқа қарсы митингілерге байланысты 25 өтініш кері қайтарылған.

Осылайша белсенділер былтыр 24 ақпаннан бері соғысқа қарсы акция бойынша қабылданбаған өтініштерінің саны 97-ге жеткенін айтады.

Қазақстанда әкімдер соғысты айыптайтын митинг өткізуге келісім бермейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:49 0:00

XS
SM
MD
LG