Accessibility links

Сот бұрынғы "Қармет" мүгедектерін оңалтудан бас тартқан биліктің ісін заңсыз деп тапты


"Қармет" өндірісінде жарақат алған бұрынғы жұмысшылардың бастамашыл тобының мүшелері.
"Қармет" өндірісінде жарақат алған бұрынғы жұмысшылардың бастамашыл тобының мүшелері.

Қарағанды облысының ауданаралық арнайы әкімшілік соты бұрынғы "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамында жұмыс істеп, 1970 және 1990 жылдары өндірісте денсаулығынан айырылған жұмысшылардың ұжымдық арызын қанағаттандырды. 16 маусымда шыққан сот шешімі қолымызға бүгін тиді деп хабарлады 30 маусымда арыз иелері Азаттыққа.

Сот өндірісте зардап шеккен мүгедектерге қажет қызмет көрсетуден және қаржы бөлуден бас тартқан жергілікті биліктің қылығы заңсыз деп тауып, Теміртау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін мүгедектерге әлеуметтік оңалту шараларын мемлекеттік бюджет есебінен көрсетуді міндеттеген.

Сотқа арызды бұрынғы "Қармет" мемлекеттік акционерлік қоғамы еңбек мүгедектерінің бастамашыл тобының мүшелері – 66 жастағы Анатолий Дурнов, 68 жастағы Любовь Безвуляк пен 74 жастағы Геннадий Колесников берген. Үшеуі де Теміртау қаласында тұрады. Олар өздеріне оңалту қызметін көрсету мен қаржы бөлуден бас тартқан жергілікті биліктің ісін заңсыз деп тануды және өздеріне жеке оңалту бағдарламасына сәйкес көмек көрсетуге жауапкерді міндеттеуді талап еткен.

Сотқа арызданған үш адам өндірісте алған жарақаты салдарынан мүгедек болып, дене мүшесінен айырылған. Бірақ үкімет металлургия комбинатын үндістандық миллиардер Лакшми Митталға сатып жібергеннен кейін протез бен өзге де мұқтаж заттарға қол жеткізе алмай қалған. Бұған дейін арыз иелері оңалтуға қаржы сұрап жергілікті билікке өтініш айтқан, бірақ 2023 жылы билік ол өтінішті орындаудан бас тартқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG