Accessibility links

Испания Украинамен НАТО жөнінде декларацияға қол қойған 21-мемлекет атанды


Испания Украинаны солтүстікатлантикалық одаққа қосуды қолдайтын декларацияға қол қойған 21-мемлекет атанды. Бұл жөнінде Киевте Испания премьер-министрі Педро Санчеспен келіссөзден кейін Украина басшысы Владимир Зеленский мәлімдеді.

НАТО-ға 31 мемлекет мүше, Украина аталған әскери одаққа мүше болып кіру үшін барлық 31 мемлекет бұл шешімді қолдауы тиіс.

Декларацияда Украинаға НАТО-ға шақыру қашан берілуі тиіс екені айтылмайды. Киев Вильнюсте өтетін НАТО саммитінде одаққа мүше елдер Ресеймен соғыс аяқталысымен Украинаны одаққа қосатыны жөнінде кепілдік беруі тиіс деп санайды.

Санчес Киевке Испания Еуроодаққа төрағалық еткен алғашқы күні келді.

"Испанияның ЕО кеңесіне төрағалығы Украинада Владимир Зеленскиймен кездесуден басталғанын қаладым. Украин үкіметі мен парламентіне Еуропалық ынтымақтастығымызды білдіргім келеді. Еуропада бейбітшілік орнағанға дейін украин халқын қолдай береміз" деді Санчес Twitter-де.

Жоғарғы радада сөйлеген Испания премьер-министрі Украинаға 55 млн еуро көлемінде көмек берілетінін мәлімдеді. Ол сонымен бірге Киевке қару-жарақ беру жөнінде де айтты.

Зеленский баспасөз жиынында соңғы әскери-саяси ахуалға тоқталды. Атап айтқанда, ол әлі күнге дейін украин ұшқыштарын F-16 жойғыш ұшақтарын пайдалануға үйрететін жаттығу кестесі жасалмағанын алға тартты. Батыстағы әріптестері оқу-жаттығуды кешіктіріп жатқанына наза болды.

Украина президенті сонымен бірге Запорожье АЭС-і төңірегінде алаңдатарлық жағдай қалыптасқанын айтты. Украина арнайы қызметінің мәліметінше, Ресей ядролық арандату әзірлеуі мүмкін. Бұған дейін испан журналистеріне берген сұхбатында Зеленский станция Украина бақылауына өтсе, Ресей әскері қашықтан оны жаруы мүмкін деген еді.

Зеленский сонымен бірге Украина әскері Қырымға жақындаған кезде Киев Ресеймен келіссөз жүргізуі ықтимал деген ақпаратқа түсініктеме берді. Ол Киевтің ұстанымы өзгерген жоқ, келіссөз болу үшін Украина 1991 жылғы шекараларына қайтып оралуы тиіс, яғни аннексияланған Қырымды өз бақылауына алуы керек деді.

XS
SM
MD
LG