Азаттық тілшісі Қуанышбек Қари Internews ұйымдастырған MediaCampFest фестивалінде медиасыншылардың конкурсында лауреат болды. Конкурс қорытындысы 1-2 шілдеде жарияланды.
Конкурс ұйымдастырушылардың айтуынша, медиасыншылардың "Жаңа репортер" жобасының конкурсында Қуанышбек Қаридің "Тоқаев Республика күнін неге ұлттық мереке етті. Неге?" деген мақаласы "Республика күнін қайта қалпына келтіру оқиғасын кәсіби және терең түрде талдау" номинациясында жеңіске жеткен.
"Бұл тақырыпта шыққан контенттерге мониторинг жасадым, өкінішке қарай, контенттердің деңгейі төмен, біржақты болды. Барлығының ішінен екі материал ерекшеленді, соның бірі Қуанышбек Қаридің мақаласы болды. Осындай кәсіби, терең, маңызды жұмысты бағалау маңызды деп шештім. Мақалада тарих, өткен шақ – бәрі болды. Біз басқаларға үлгі болатын жұмыстарды бағалаймыз. Мұндай мақалалар басқа әріптестерді шабыттандыруы керек" дейді медиасыншы Лаура Көпжасарова.
MediaCampFest – Орталық Азияда медиа мамандарға арналған ірі фестивальдің бірі. Ұйымдастырушылардың сөзінше, фестиваль мақсаты – жастардың ашықтығы мен ересектердің идея алмасуын арттыру үшін балансы сақталған ақпараттық орта қалыптастыру.
MediaCampFest кезінде медиасыншылар Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанның медиа кеңістігіне оң және теріс әсер етіп жатқан жайттарды талқылайды.
"Жаңа репортер" медиасыншылар конкурсының биылғы жеңімпаздары:
- "Евразия бірінші арнасының" тілшісі Мұхтар Өміртай ("Өрттен кейінгі өмір" сюжеті үшін "Шынайы картина" номинациясында жеңімпаз атанды);
- Вера Захарчук ("Хабар 24" арнасындағы "Диагноз" бағдарламасы үшін "кейіпкерді құрметтеу және адамгершілік" номинациясында жеңді);
- QAZAQSTAN телеарнасының тілшісі Айнұр Омар ("Әйел әлемі" бағдарламасы үшін "Әйел теңдігі жайлы үздік жоба" номинациясында жеңімпаз болды);
- NE BOLDY YouTube-каналындағы "Ерте жүктілік" фильмі. ("Ең үздік ағартушылық фильмі" номинациясы)
- Медиа Your.tj (маңызды оқиғалардан хабар тарату).
- "Азия-Плюс" радиосы (желідегі сапалы контент);
- Malim.kz сайты (саяси сараптамаларды ерекше жазу).
ПІКІРЛЕР