Accessibility links

Тоқаев Назарбаевты өз атындағы құрылымдардың басшысы мәртебесінен айырды


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 16 мамыр 2019 жыл
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 16 мамыр 2019 жыл

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шілденің төртіне бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты жоғары оқу орыны, мектеп пен өз атындағы қор басшысы ретіндегі мәртебесінен айыратын түзетулерге қол қойды.

"Назарбаев университеті", "Назарбаев зияткерлік мектептері" және "Назарбаев қоры" туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, автономды білім ұйымдарының қамқоршылар кеңесін құрудағы мемлекет басшысының өкілетін белгіледі.

Бұл өзгерістер бойынша жоғары қамқоршылар кеңесінің төрағасы Қазақстан президентінің өзі болады немесе оны Қазақстан президенті тағайындайды.

2011 жылы қабылданған заңда жоғары қамқоршылар кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев болады деп көрсетілген.

2022 жылы өткен референдум қорытындысы бойынша, Қазақстан конституциясына жазылған Назарбаевтың есімі алынып, оған берілген жеңілдіктер жойылған. Биыл қаңтарда конституциялық сот "Қазақстанның тұңғыш президенті - Елбасы туралы" заңның күшін жойған.

Назарбаевқа Қазақстан парламенті 2010 жылы "елбасы" мәртебесін берген. Өткен айдың соңында парламент сенаты Назарбаевты өз атындағы құрылымдардың басшысы мәртебесінен айыратын түзетулерді мақұлдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG