"Менде бар ақпарат бойынша, вагнерліктер өздерінің лагерьлерінде. Ал Пригожиннің өзі Петербургте, ол Беларусь аумағында емес" деді Беларусь режимін уысында ұстап отырған авторитар басшы Александр Лукашенко. Лукашенконың сөзін "Пул Первого" телеграм-каналы жариялады.
Лукашенко "Вагнер" жеке әскері Беларусь аумағында әрекет етуі мүмкін деп отыр.
"Біздің елде вагнерліктің белгілі бір бөлігі орналасуы мүмкін, бұл мені мүлде алаңдатпайды. Олардың майданда жинаған тәжірибелерін қарастырамыз әрі дайындығымызға пайдаланамыз" дейді ол.
Кеше, 5 шілдеде "Фонтанка" дереккөздеріне сілтеме жасап, Пригожиннің Санкт-Петербург және Ленинград облысындағы ФСБ басқармасына барғанын, оған қарулар мен 10 млрд рублін қайтарып бергенін жазған.
Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Лукашенконың сөзіне байланысты "Пригожиннің қайда жүргенін қадағалап отырған жоқпыз, оған мүмкіндігіміз де, ниетіміз де жоқ" деп жауап берген. Песковтың сөзін "Интерфакс" агенттігі жариялады.
23 маусымда Пригожин Ресей әскері "Вагнердің" базасына ракетамен шабуылдады деп хабарлады. Кейін "Вагнердің" 25 мың жауынгері Шойгу мен Герасимовті жазалау үшін Мәскеуге қарай шыққан.
"Вагнер" бір күннің ішінде Дондағы Ростов қаласын бақылауға алған. Бүлік кезінде "Вагнер" бірнеше тікұшақ пен Ресей әскерінің ұшағын құлатқан. Бірнеше ұшқыш қаза тапқан.
Пригожин Александр Лукашенкомен келіссөзден кейін бүлікті тоқтатқан еді.
ПІКІРЛЕР