Accessibility links

"Тоқаев, Путин мен Лукашенко өз режимдері шатқаяқтап тұрғанын біледі". Украинада соғыс басталғанына 500 күн және Қазақстан саясаты


Александр Лукашенко (сол жақта), Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) және Владимир Путин.
Александр Лукашенко (сол жақта), Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) және Владимир Путин.

"Ресейдің әлсіздігін пайдаланып, оның ықпалын азайтудың орнына Қазақстан режимі сырттан қолдау күтіп отыр" дейді қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов. Азаттық сарапшыдан Украинада 500 күнге жалғасып жатқан соғыс барысында Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаты қалай өзгергенін, болашақта не күтуге болатынын сұрады.

"ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ОНЫҢ АЙНАЛАСЫНДАҒЫЛАРДЫҢ МҮДДЕСІ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕДЕН ЖОҒАРЫ ТҰРАДЫ"

– Украинада соғыс басталғанына 500 күн толды. Ақорданың мәлімдемелеріне қарасақ, Қазақстан бейтарап позиция ұстанып отырған сияқты. Қазақстан бейтараптығын дұрыс көрсетіп отыр ма?

– Дұрыс көрсетіп отыр дей алмаймын. Жанама санкция салынады деген қауіп төнгенде [президент Қасым-Жомарт] Тоқаев Ресейге салынған жекелеген шектеулерді ескеруге тырысты. Бірақ Қазақстанның саясаты Ресей соғыста сәтсіздікке ұшырап, АҚШ пен Еуроодақ елдері Украинаға қолдау көрсете бастағанда байқалды. Қазір Астана бір жағынан, жұртқа өзін бейтарап ел етіп көрсеткісі келеді, екінші жағынан, саясат пен экономикада Ресейдің мүддесін қорғап отыр.

Мысалы, Қазақстан Ресейдің әскери өнеркәсібінде қолданылатын тауарларды шетелден алдырып отырған компаниялар мен жеке тұлғаларға өз атын жамылып, қаржы жүйесін пайдалануға мүмкіндік беріп қойды. Сондықтан Қазақстанды бейтарап ел деуге келмейді.

– Бір жағынан, Астана Ресейдің мүддесін қорғап отыр, екінші жағынан, тәуелсіздік жылдары тығыз интеграцияны қолдап келген Қазақстанда үлкен таңдау жоқ. Енді Қазақстан саяси және экономикалық тұрғыдан алғанда Ресейге тәуелді. Мұндай жағдайда билікке таңдау қала ма?

– Қазақстан шынымен қиын жағдайда қалды. Еуразия экономика одағы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Каспий құбыр консорциумы, Кремльдің Қаңтар оқиғасы кезіндегі көмегі – осының бәрі елдің шешім қабылдау еркіндігі мен тәуелсіздігін шектейді.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов.

Бірақ бәрі жоқ жерден пайда болмағанын ұмытпайық. Интеграция саясаты режимнің өміршеңдігін сақтау үшін әдейі таңдалды. Тоқаев пен оның айналасындағы адамдар кезінде осындай шешім қабылдады, салдарына да солар жауапты.

Басқа таңдау бар, бірақ Қазақстан билігі ондай таңдау жасағысы келмейді. Бұл олардың саяси мүддесіне кірмейді. Ресейдің әлсіздігін пайдаланып, оның ықпалын азайтудың орнына сырттан қолдау күтіп, Мәскеумен интеграцияны жоғары қояды. Соғысқа, бүкіл әлемнің Путиннен сырт айналғанына, жанама санкция қаупіне қарамастан, осылай жасап отыр. Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұлттық мүддесінен президент пен оның айналасындағылардың мүддесі жоғары тұрады. Президент қоғамға емес, айналасындағы адамдарға ғана арқа сүйейтін автократиялардың бәрінде солай.

Ақорда Батыс елдерінің Қазақстанға қатысты саясатында нақтылық жоғын пайдаланып, кен өндіру мен энергоресурстар жеткізу саласында әртүрлі экономикалық жеңілдіктер ұсынады.

АҚШ пен Еуроодақ елдері тәуекелге барып, Қазақстанға қысым жасауға бата алмай отыр. Солай жасаса, Батыс елдері санкциялық режимнің сақталуын қамтамасыз етіп, Тоқаев пен оның әкімшілігіне нақты таңдау қояр еді.

Қоғамда наразылық басталса, бұл да билікке қысым жасайтын тағы бір мүмкіндік болар еді. Украинадағы соғыс пен оның салдары мемлекетті түбегейлі қайта құруға итермелеуі керек. Өйткені біздің саяси жүйеміз әбден шіріген.

– Қазақстанның Ресейге салынған санкцияларды айналып өтуге көмектесуінің астарында режимдер арасындағы достықтан бөлек, экономикалық мүдде де жатқан сияқты.

– Санкцияларды айналып өту сөзсіз мол табыс әкеліп жатыр. Еуропалық қайта құру және даму банкінің есебіне сүйенсек, былтыр Батыс елдерінен Қазақстанға экспорт 80 пайызға өскен. Жекелеген санаттар бойынша қарасақ, Қазақстаннан Ресейге электроника импорты былтырғымен салыстырғанда 60 пайызға артқан.

Бұл жерде санкцияларды айналып өтудің ұйымдасқан жүйесін көріп отырмыз. Журналистер зерттеуі көрсеткендей, көп жағдайда Ресей немесе Беларусь азаматтары компания ашып, Батыс елдерінен Қазақстанға микросхема алдырады. Бұл тауарлар Беларусь пен Ресей арқылы транзитпен келеді. Бірақ көбіне микробөлшектер Қазақстанға жетпей, осы елдерде қалып қояды.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия экономика форумында. Мәскеу, Ресей, 24 мамыр, 2023 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразия экономика форумында. Мәскеу, Ресей, 24 мамыр, 2023 жыл.

Экономикалық дивидендтерден бөлек, саяси пайданы да ұмытпау керек. Әлемнен оқшау қалған Путин үшін Тоқаевтың маңызы артты. Қазір Қазақстан Ресейге халықаралық нарық пен тауарларға жол ашып отыр. Еуразия экономика одағындағы басқа елдермен салыстырғанда ресейлік кәсіпорындар мен компанияларды көшіруге Қазақстан қолайлы болып отыр.

"СОҒЫС ДЕКОЛОНИЗАЦИЯ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРДІ"

– Қазақстандықтардың соғысқа көзқарасы ерекше. Халық алғашқы күннен бастап, украиндерге гуманитарлық көмек жинап, көлікке Z таңбасын (Ресейдің Украинаға басқыншылығының символы – ред.) жапсырып жүргендермен күресіп, былтыр наурызда Алматыда Украинаны қолдап үлкен митинг өткізді. Халықтың бір бөлігі Украинаны жақтайды.

– Бұл жерде Demoscope жасаған кейінгі әлеуметтік зерттеулерге қарау керек. Зерттеу қорытындысы Украинаны жақтайтындар Ресейді қолдайтындардан сәл ғана көп екенін көрсетеді. Бұны Тоқаевтың Ресейге адалдығымен, цензура кесірінен қоғамдағы ақпараттану деңгейінің төмен болуымен, Ресей пропагандасының ықпалымен байланыстырамын.

Қазақстандықтардың көбі ресейлік ақпарат көздерін оқиды. Ресей пропагандасы қоғамға дендеп еніп, халықты соғысты қолдайтындар және қарсылар деген екі топқа бөліп, ішкі саяси жағдайға тікелей әсер етеді.

Қаңтар наразылығынан кейін Украинадағы соғыс ұлттық болмысты анықтау мен деколонизация процесіне сұранысты көтерді. Президент әкімшілігі осыны түсініп, Тоқаевтың мәлімдемелерін қоғамның көңіл-күйіне сай өзгертті. Билік үкіметке қарсылық күшеймесін деп, халықтың пікірін ескеріп жатқандай болып, ресейлік әншілердің концертіне тыйым салады. Бірақ бұған қоса Украинаны қолдайтын митинг өткізуге рұқсат бермейді.

Бәрінен де қарапайым халықтың украиндерге гуманитарлық көмек жіберіп, бейбіт митинг өткізуді талап етіп жатқаны көңілге жағады.

– Билік митингілерді ұнатпайды, Қазақстанда кез келген бейбіт жиын үкіметке қарсы митингіге ұласып кетуі мүмкін. Былтыр Украинаны қолдауға арналған митингіге қатыстым. Соғыс пен Кремльге қарсы ұрандармен қатар, Қазақстан билігін де сынағандар болды.

– Рас, билік осы қауіптерді ескеріп отыр. Қазақстандағы Қаңтар оқиғасынан кейін бір айдан соң Украинада соғыс басталды. Тоқаев Ресей әскерінің көмегімен (2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының әскері кіргізілді) билігін сақтап қалды. Мұның да салдары бар. Бұл халықты әлі ұзақ алаңдатып, Тоқаевтың билігі әлсіреген кезде ары қарай өршиді деп ойлаймын. Көбі Украинадағы соғысқа Қаңтар оқиғасының призмасымен қарайды, сондықтан қазақстандықтардың Украинаға көзқарасы бөлек.

– Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский бір блогерге берген сұхбатында аңдамай сөйлеймін деп, Қазақстан сыртқы істер министрлігінің наразылығынан соң елден кетуге мәжбүр болды.

– Кремльдің Қазақстан билігіне ықпалы жоғары. Бұл Украинаның бұрынғы елшісін елден шығарып, жаңасын тағайындауға қарсылық білдіруден ғана емес (Астана Украина елшісі қызметіне ұсынылған Сергей Гайдайдың кандидатурасын қабылдамаған), БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциялары бойынша дауыс беріп, Қытай бастамасында Ресейді қолдауынан да көрінеді.

Тоқаевтың Кремльге тәуелді екенін ескерсек, ештеңе өзгермейтін сияқты. Путин режимі өздігінен құлап қалса ғана, жағдай өзгеруі мүмкін.

"ҚАЗАҚСТАН ҚОЗҒАЛЫС ТРАЕКТОРИЯСЫН ӨЗІ АЙҚЫНДАМАЙДЫ"

– Астана Евгений Пригожин мен "Вагнер" тобының "бүлігіне" қандай реакция білдірді?

– Тоқаев Пригожин "бүлігіне" қатысты пікір білдіргенде "Бұл – Ресейдің ішкі мәселесі" деп, бірнеше күннен кейін Путинді қолдап шықты. Ол Путинді жалпыұлттық көшбасшы деп атап, Пригожин легитимдігін жойғаннан кейін Ресей президентінің беделін қорғап қалуға тырысты.

Тоқаев, [Беларусьтің авторитар билеушісі Александр] Лукашенко мен Путин қандай жағдайда отырғанын, режимдері шатқаяқтап тұрғанын біледі. Кейінгі үш жылда аталған басшылардың әрқайсысы үлкен сынақтан өтті. Қазір Ресей, Қазақстан мен Беларусьті режимді сақтап қалу мақсаты біріктіріп отыр.

– Лукашенко [Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан] Назарбаевқа не үшін хабарласты? Осыдан кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі елдің сыртқы саясаты бұрынғы президенттің емес, қазіргі президенттің құзырындағы мәселе деген мазмұнда мәлімдеме жасады.

– Автократтар, әсіресе, жақын араласатын тұлғалар бір-бірін қолдайтыны белгілі. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевқа үшінші тарап кепілдік берген шығар. Пригожин бүлігі кезінде осы кепілге қауіп төнген сияқты. Лукашенконың Путин мен Пригожин арасында келіссөз жүргізуші ретінде хабарласуы Назарбаевтың мүддесіне тікелей қатысты болуы мүмкін.

Александр Лукашенко (сол жақта) мен Нұрсұлтан Назарбаев. Минск, Беларусь, 10 қазан, 2014 жыл.
Александр Лукашенко (сол жақта) мен Нұрсұлтан Назарбаев. Минск, Беларусь, 10 қазан, 2014 жыл.

– Қорытындылай келе, соғыстың 500 күнінде Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатында не болды?

– Қазақстан қозғалыс траекториясын өзі айқындамайды. Билікте отырған адамдарда мұндай көзқарас жоқ, олар ситуативті шешімдер ғана қабылдайды. Авторитар элитаның сұранысы ішкі және сыртқы саясаттағы ұлттық мүддеден жоғары тұрады.

Тоқаев режимі ішкі және ғаламдық сынақтарға дұрыс жауап бере алмай отыр. Қазақстан Ресейдің ықпалында қалды, елде репрессивті саясат орнаған. Саяси және экономикалық реформалар жүріп жатқан жоқ. Тұралаудың барлық белгісі байқалады.

Украинадағы соғыс нәтижесі авторитар режимдерді, оның ішінде Қазақстан билігін өзгертетін оқиғаларға жол ашуы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG