Accessibility links

Украина президенті Зеленский Чехияға сапармен барды


Чехия президенті Петр Павел (сол жақта) және Украина президенті Владимир Зеленский. Пражский Град, Чехия, 6 шілде, 2023 жыл.
Чехия президенті Петр Павел (сол жақта) және Украина президенті Владимир Зеленский. Пражский Град, Чехия, 6 шілде, 2023 жыл.

Чехия президенті Петр Павел 6 шілде күні кешке Прага қаласына сапармен барған Украина президенті Владимир Зеленскийді қабылдады. Зеленский чех президентіне Украина мен оның қарулы күштеріне жан-жақты көмектесіп жатқаны үшін алғыс айтты.

"Әсіресе әуежайдан осында келе жатқанда жол-жөнекей өзім көрген және мені тебіренткен әрбір украин туы үшін ерекше рақмет айтамын" деді бейсенбі күні кешке Чехия президенті екеуі бірге өткізген баспасөз мәслихатында Зеленский.

Ресей былтыр ақпанда Украинаға кең көлемді басқыншылық шабуыл бастағаннан бері бұл Зеленскийдің Чехияға алғаш рет келуі.

Биыл қаңтарда Чехия президенті болып сайланған Петр Павел – Чехия және бұрынғы совет блогының құрамында болған елдер тарихында НАТО-ның әскери комитетін басқарған (2015-2018 жылдары) тұңғыш әскери қызметкер.

Чехия президентінің сөзінше, соғыс аяқталған сәтте Украинаның НАТО құрамына кіру туралы келіссөз бастағаны маңызды болмақ. Бұл Чехияның да мүддесіне сай, сонымен бірге Чехия Украина Еуропа Одағына мүше болып енуіне де мүдделі деді Павел. Ол соғыстан кейін Украинаны қалпына келтіру ісін Чех республикасы мен чех кәсіпорындары үшін жаңа мүмкіндік деп қарастыру керегін айтты.

Павелдің пікірінше, Украинаның қарымта шабуылы Ресейдің өзгелерді мойындатуға тыраштанып жүргеніндей асқан күшті емес екенін көрсетті. "Украинаның қарымта шабуылы сәтті болу үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек" деп мәлімдеді Чехия президенті.

Украина президенті Кремльдің Чехия халқына да әсер етуге тырысып жатқанын айтты. "Ресей пропагандасы қоғамның көңіл-күйіне де деструктивті ықпал етуді көздейді. Чехия өзі дербес қабылдайтын шешімдерді Мәскеуге жалтақтамай әзірлегені маңызды" деп есептейді Зеленский.

Чех президентінің баспасөз хатшысы Маркета Ржегакова журналистерге Зеленскийдің Прагаға сапары Киевтің 2022 жылдың ақпанынан бері көрсетіліп жатқан көмекке ризашылығының белгісі деп айтты. Бұл жолғы кездесу Чехия тарапынан ондай көмек жалғасатынын білдіреді деді ол.

Владимир Зеленский Прагада қорғаныс жөнінде, жақында Литвада өтетін НАТО саммитіне байланысты өзара іс-әрекетті үйлестіру, Украинаның НАТО мен Еуроодаққа қосылуы, Запорожье АЭС-індегі жағдай сияқты мәселелерді талқылайтынын айтты.

Жұма күні Украина президенті Чехия үкіметі мүшелерімен келіссөздер өткізеді деп хабарлады чех басылымдары.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG