Accessibility links

Зерттеушілер Пригожиннің миллиардтаған доллар активі, туыстарының Италияда қымбат үйі барын анықтаған


"Вагнер" жеке меншік әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин (сол жақта) мінген көлік Ресей армиясы Оңтүстік әскери округінің штабынан кетіп бара жатыр. Дондағы Ростов қаласы, Ресей, 24 маусым, 2023 жыл.
"Вагнер" жеке меншік әскери компаниясының басшысы Евгений Пригожин (сол жақта) мінген көлік Ресей армиясы Оңтүстік әскери округінің штабынан кетіп бара жатыр. Дондағы Ростов қаласы, Ресей, 24 маусым, 2023 жыл.

"Вагнер" жеке меншік әскери компаниясының негізін қалаған Евгений Пригожиннің туыстары Италиядағы 3,5 миллион еуро тұратын виллаға иелік етеді, ал Пригожиннің өзі 20 миллиард доллардан астам активтің иесі. Бұл деректер ресейлік оппозициялық саясаткер, қазір түрмеде отырған Алексей Навальный құрған "Жемқорлықпен күрес қоры" (ФБК) жариялаған зерттеуде айтылған.

Зерттеу авторлары Пригожиннің ұлы Павелдің қайынатасы петербургтық ресторатор Сергей Инкин 2017 жылы Италияның Форте-деи-Марми қаласында аумағы 400 шаршы метр, құны 3,5 миллион еуро қымбат үй сатып алғанын анықтаған. Дәл сол қалада ресейлік олигархтар Роман Абрамович пен Олег Дерипаска, вице-премьер Александр Хлопонин де қымбат вилла сатып алған, Хлопонин кейін ол мүлкін бизнесмен Михаил Прохоровқа сатып жіберген деп жазады зерттеушілер.

Бұған қоса, Алексей Навальныйдың әріптестері "Вагнер" жалдамалы әскер тобының басшысы Пиргожин мемлекеттік келісімшарттардың арқасында көп ақша тапқанын анықтаған. Мысалы, бұрын Пригожиннің фирмаларының бірінде күзетші болған Арсений Бердяев "Технология" фирмасының меншік иесі ретінде көрсетілген. Бұл компания Ресейдің әскери бөлімдерін, соның ішінде Украинаның оккупацияланған өңірлеріндегі бөлімдерді де тамақпен қамтамасыз етумен айналысады. Кейінгі бір жарым жылда "Технология" компаниясы 847 миллион рубльдің мемлекеттік келісімшартына отырған дейді зерттеушілер.

Пригожинге қарайтын "Кулинар" деп аталатын тағы бір фирма "Конкорд" компаниясының қызметкері Надежда Тихонованың атына тіркелген. Ресей қорғаныс министрлігіне банкеттер ұйымдастырумен айналысқан "Кулинар" кейінгі бір жылда 262 миллион рубль табыс тапқан.

Журналистердің тек ашық деректерге сүйеніп жасаған есебі бойынша, Пригожиннің активтері екі триллион рубльге (20 миллиард доллар) жуықтайды.

"Іс жүзіне келгенде, Пригожин нақты қанша табыс тапқан деген сауалға жауап беру мүмкін емес. Біздің көріп отырғанымыз тек ресми бөлігі – олардың мемлекеттік сатып алу кезінде лажсыз көрсеткені және журналистер іздеп жүріп тапқан кейбір нәрселер. Ал бұл, шындап келгенде, таудың тарыдай бөлшегі ғана. Бұл жерде триллиондаған рубль туралы сөз болып отыр", – дейді тергеушілер.

23 маусым күні кешке "Вагнер" тобының басшысы Пригожин Ресей қорғаныс министрлігі мен Бас штабы басшыларын Украинадағы соғыста біліксіздік танытты деп айыптап, Мәскеуді бетке алып, "әділдік жорығына" шығатынын мәлімдеген. Бірақ 24 маусым түнге қарай Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенконың араағайындық етуімен "Вагнер" тобы басшылығы мен Ресей билігі мәмілеге келіп, жалдамалы әскер Мәскеуге жорығын үзіп, кері қайтты деген ақпарат тарады. Ресей билігі "Вагнер" тобының Пригожин бастаған "бүлікке" қарсы болған жауынгерлері Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыруына болады, ал Пригожинмен бірге жорыққа шыққандарды ешкім қудаламайды деп мәлімдеді. Кейінірек Ресей федерациялық қауіпсіздік қызметі Евгений Пригожин мен "Вагнер" жалдамалы әскер тобы ұйымдастырған қарулы бүлік туралы қылмыстық істі жауып тастағаны белгілі болды.

"Пригожин бүлігінің" салдары туралы сөзінде президент Путин Ресей мемлекеті "Вагнер" тобына қыруар қаржы бөліп, толық қамтамасыз етіп келгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, 2022 жылдың мамыр айынан бергі бір жылдың ішінде жалдамалы әскер компаниясы мен оларды ынталандыру төлеміне мемлекет қазынасынан 86,3 миллиард рубль бөлінген. Жеке меншік әскери жасақтың меншік иесі – "Конкорд" компаниясы болса бір жылда тамақ сатудан 80 миллиард рубль табыс тапқан.

Бұл жария етілген ақша көлемі бұған дейін тәуелсіз журналистер мемлекеттік сатып алуға қатысқан Пригожиннің компаниялары туралы жүргізген зерттеулерде көрсеткендегіден анағұрлым көп. Мысалы, Настоящее Время сайты Пригожинге қарасты құрылымдардың 2011 жылдан бастап 2019 жылдың басына дейінгі аралықта жасасқан мемлекеттік сатып алу келісімшартының көлемін 209 миллиард рубль деп бағалаған еді.

Ал "Россия-1" мемлекеттік телеарнада пропагандалық хабар жүргізетін Дмитрий Киселев өткен жексенбіде "Вести недели" бағдарламасында Пригожинге тиесілі компаниялардың мемлекеттік сатып алу келісімдерінен 845 миллиард рубль табыс тапқан деп мәлімдеді. Киселев бұл деректерді қайдан алғанын айтпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG