Accessibility links

Қаңтар оқиғасы кезінде "кетіп қалған" Мақат ауданының әкімі Шәкір Кейкин Атырау қаласының әкімі болды


Атырау облысы Мақат ауданының бұрынғы әкімі Шәкір Кейкин. Фото Атырау облысы әкімдігінің сайтынан алынды.
Атырау облысы Мақат ауданының бұрынғы әкімі Шәкір Кейкин. Фото Атырау облысы әкімдігінің сайтынан алынды.

Бүгін, 10 шілдеде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің өкімімен Атырау қаласының әкімі лауазымына Шәкір Кейкин тағайындалды. Бұл ақпарат Атырау облысы әкімідігінің сайтына шықты. Сайт ақпаратына қарағанда, Шәкір Кейкин Атырау қаласының әкімі лауазымына Қазақстан президенті әкімшілігінің келісімі бойынша тағайындалған.

1970 жылы туған Шәкір Кейкін 2019 жылдың қыркүйегінен 2022 жылдың наурызына дейін Атырау облысы Мақат ауданының әкімі болған. Одан кейін сауда және интеграция министрлігі сауда департаментінің басшысы қызметін атқарған.

Атырау облысы әкімі баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, облыс әкімі Серік Шәпкенов Шәкір Кейкиннің тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығы саласында және мемлекеттік басқару қызметінде үлкен тәжірибесі бар екенін ескерген.

Шәкір Кейкиннің аты-жөні 2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде жиі аталған.

Атырау облысы Мақат ауданының тұрғындары 2022 жылы 4 қаңтарда Жаңаөзенде газ бағасын елу теңгеге түсіруді талап етіп наразылыққа шыққандарға қолдау білдіріп, алаңға жиналған. Жиын туралы видеоларда 16 мыңнан астам тұрғыны бар Мақат кентінде жүздеген адам теміржолды жауып тастағаны, осы ауданға қарайтын 14 мыңнан астам халқы бар Доссор кентінде де көп адамның шоғырланғаны байқалған.

Мақат пен Доссор кентінің тұрғындарының сөзінше, жергілікті халықтың наразылығы "парламент таратылсын, үкімет кетсін" деген саяси талаптарға біртіндеп ұласқан. Мақат кентіне жиналған 3 мыңнан астам адамға бастапқыда Мақат ауданының әкімі келгенімен ертеңіне көрінбеген, полиция да байқалмаған.

Тұрғындардың айтуына қарағанда, аудан басшылығы екінші күні келмеген соң-ақ жергілікті халық өз қамын өзі ойлауға кіріскен. Кент дүкендеріне азық-түлік әкелетін көліктерді, жедел жәрдем мәшинесін, егде адамдар мінген көліктерді жолда кідіртпеуді, екі кент ішінде тәртіпсіздік, бұзақылық болмауын халықтың өзі қадағалаған.

– Аудандағы биліктен прокурор ғана қалыпты. Ол аудан әкіміне біздің көзімізше телефон соқты. Әкім "Атырауға кетіп барамын" деді. Келмейтініне көзіміз жеткен соң, ауданымыз басшысыз қалмасын деп қоғам белсендісі Ғазиз Ғабдуллинді халық аудан әкімі етіп сайлады, – дейді Мақат ауданының тұрғыны Жаңабай Шамиятов.

Мақат тұрғындарының билікке талабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:29 0:00

Куәгерлердің сөзінше, 5 қаңтарда жергілікті халық Ғазиз Ғабдуллинді "әкім сайлағаннан" кейін оны заңдастыру үшін аудандық мәслихат депутаттарын шақырған. Мәслихат депутаттары аудан әкімі Шәкір Кейкинге сенімсіздік білдіретіні, Ғазиз Ғабдуллиннің кандидатурасын қолдайтыны жөнінде хаттама толтырған. Хаттамада "Шәкір Кейкин 2022 жылғы қаңтардың бесінде жұмыс уақытында алаңға шақырған жұртқа құлақ аспастан, халықты, ауданды шиеленіскен күйде тастап, Атырау қаласына кетіп қалған. Осы іс-әрекеті үшін орнынан кетуі талап етіледі; халық бірауыздан Ғазиз Ғабдуллин мырзаны әкімі қылып сайлайды; осы хаттама Мақат ауданы прокуроры Бақытжан Қалиев мырза, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық мәслихат хатшысы Исмағұлов Қуаныштың көзінше жасалды" деп жазылған.

Мақаттағы "әкім сайлау"
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:50 0:00

Бірақ аудан әкімін сайлау бюллетень салу, дауыс санау секілді сайлау процесінен өтпеген.

Онан кейін аудандық мәслихат депутаттары "халық сайлаған әкімді" Атырау облысы әкіміне таныстыруға апарған. "Халық сайлаған әкім" Ғазиз Ғабдуллиннің Азаттыққа айтуынша, Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұханбетов 6 қаңтарда Мақат ауданынан келген 10 адамды өзінің қызмет орнында емес, белгісіз жерде қабылдаған және Мақат ауданынан барған делегацияны "Ғабдуллинді аудан әкімі ретінде бекіту мәселесін қарастыруға" уәде беріп қайтарған.

Бірақ дүрбелең аяқталып, елдегі жағдай қалпына келген соң Мақат ауданының бұрынғы әкімі Шәкір Кейкин қайтып келіп, қызметіне кіріскен. "Халық сайлаған әкім" Ғазиз Ғабдуллинге кейін әкімшілік айыппұл салынған. Аудандық мәслихат депутаттары "дүрбелең кезінде халықты ызаландырмау үшін Ғазиз Ғабдуллиннің кандидатурасына келісе салғанын" айтқан.

"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару" туралы 2001 жылы қабылданған заңның 24-бабында мәслихат көпшілік дауыспен әкімге сенімсіздік білдіруге, жоғарыдағы атқарушы органнан әкімді қызметінен босатуға құқылы екені жазылған. Бірақ бұл заң бойынша, мәслихат әкімге сенімсіздік білдірген жағдайда облыс әкімі он жұмыс күні ішінде ол әкімнің өкілетін тоқтату туралы мәселені қарауға не оған өз міндеттерін әрі қай жүзеге асыра беруді тапсыруға тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG