Accessibility links

Шымкентте аптап ыстықтан жедел жәрдем шақырғандар көбейді


Шымкенттегі ауа райы 41 градус ыстықты көрсетіп тұр. 13 шілде 2023 жыл.
Шымкенттегі ауа райы 41 градус ыстықты көрсетіп тұр. 13 шілде 2023 жыл.

Шымкентте екі күннен бері ауа температурасы 42 градусқа көтеріліп, инфекция аурулары көбейген. Қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрт шығу қаупі жоғары екенін хабарлады. Жергілікті әкімдік тұрғындарға күн астында қалып кетпеуді ескертті.

12 шілде кешке "Қазгидрометтің" Түркістан облысы бойынша филиалы дауыл соғатыны жайлы ескерту берді. Онда Шымкентте 13-15 шілде аралығында күндіз ауа температурасы 40-42 градусқа жететіні, солтүстік-батыстан екпіні 15-20 м/с жел соғатыны жазылған. Соған байланысты қалалық төтенше жағдайлар департаменті өрт шығу қаупі жоғары екенін хабарлады.

Бүгін, 13 шілде таңертеңнен бастап Шымкентте күн ысып, сәскеде ауа температрасы 41 градусқа көтерілді. Тал түстен бастап бесінге дейін 42-43 градус ыстық болды. Қала көшелерінде жолаушылар азайғаны байқалды. Кей көше қиылыстарында бағдаршамдар істемей қалды. Біраз тұрғын әлеуметтік желіде жұмыс күнін қысқарту туралы мәселе көтерді.

Шымкент әкімдігі баспасөз қызметі Азаттыққа күннің ысып кетуіне байланысты қалада төтенше жағдай жарияланбағанын, төтенше жағдай жарияланбай жұмыс күнін қысқарту заңда көрсетілмегенін хабарлады. Әкімдік тұрғындарға күн астында қалып кетпеуін сұрайды.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасы әлеуметтік желі парақшаларында күн ыстықта не істеу керек, қалай әрекет ету қажеттігі жөнінде жазба жариялады. Дәрігерлер аптап ыстықта адам ағзасы әлсіреп, қан қысымы көтеріліп, тыныс алу нашарлайтынын, бүйрек және психикалық аурулар асқынуы мүмкін екенін айтады. Олар тұрғындарды сағат 12:00-ден 16:00-ге дейін мейлінше үйден шықпауға, күн астында қалып кетпеуге, шөлдемеуге шақырды. Жеңіл, жұқа, кең киім мен бас киім киюге, майлы, қуырылған және тәтті тамақ жемеуге кеңес берді.

Денсаулық сақтау таратқан мәліметке қарағанда, қалада күн ыстығына байланысты жедел жәрдем шақырғандар саны тәулігіне орташа есеппен 200 адамға көбейіп, 2000-2100 адамға жеткен. Қалада ішек инфекциясымен ауырғандар үш есе өссе, салқын сусыннан тыныс алу жолы қабынғандар саны 15 пайызға артқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG