Accessibility links

Ресейде соғысудан бас тартқан сарбаздарды "зынданға" жауып жатыр


Бір топ Ресей сарбазы соғысудан бас тартқаны үшін жертөледе қамауда отыр. Украинаның Донецк облысы, 2022 жылғы желтоқсан.
Бір топ Ресей сарбазы соғысудан бас тартқаны үшін жертөледе қамауда отыр. Украинаның Донецк облысы, 2022 жылғы желтоқсан.

Ресейлік тәуелсіз ақпарат құралының дерегінше, бұйрыққа бағынбады деген айыппен сотталған әскери қызметкер Украинаның шығысында арнайы жазаға тартылған бір топ жауынгердің арасына түскен. Әскери басшылық оларды соғысудан бас тартқаны үшін ас-су бермей, санитарлық талаптарға сай келмейтін жертөлеге отырғызып қойған.

13 шілдеде Қиыр Шығыстағы Дальний Спасск қаласында әскер қызметкері Евгений Фроловқа үкім оқылардан бірнеше күн бұрын жеткілікті құрал-жабдықсыз майданға аттанудан бас тартқаны үшін қамалған ресейлік жауынгерлердің видеосы тарады.

– Майданның алдыңғы шебіне шығудан бас тартқанымыз үшін бізді осы шұңқырға қамап қойды, – дейді кадр сыртындағы адам. Видеода камуфляж киген жауынгерлердің жертөлеге ұқсайтын, қабырғасы құлайын деп тұрған, сыз бөлмеде жатқаны көрінеді.

– Майданға бастап шығатын командир жоқ. Техника, эвакуациялық топ, рация жоқ. Бізді ит сияқты орманға жіберіп қояды, – дейді ресейлік Astra тәуелсіз телеграм арнасы 8 шілдеде жариялаған видеодағы ер адам.

Бұл видео Украинада соғысудан бас тартқан жауынгерлерді жазалауға арналған осындай ондаған жер барын дәлелдейді. Astra жариялаған жаңа видеодағы жауынгерлер Ресейдің 60-мотоатқыштар бригадасында болғаны анықталды.

Astra телеграм арнасының дерегінше, Дальний Спасск қаласындағы әскери сотта бұйрыққа бағынбады деген айыппен сотталған Фролов Украинаның шығысындағы Ресейге қарасты Донецк облысы Завитне Бажання ауылында «зынданда» отырған ресейлік жауынгерлердің арасында болған.

Азаттық Фроловтың бұл жертөлеге Украинада соғысудан бас тартқаны үшін түскенін растай алмады. Дальний Спасск әскери сотының сайтында Фроловтың бұйрыққа бағынбағаны үшін сотталғаны жазылған. Astra телеграм арнасы жауынгердің достары мен туыстарына сілтеп, Фроловтың 2,5 жылға бас бостандығынан айырылғанын хабарлады.

Редакция 15 шілдеде Фроловтың құжатта көрсетілген адвокатына хат жолдады, бірақ қорғаушыдан жауап келген жоқ.

ЖАБАЙЫ ӘДІСТЕР

Ресейлік жауынгерлердің құқығын қорғаумен айналысып жүрген белсенді Елена Попова “әскерилерді қамауда ұстаудағы басты мақсат – оларды соғысқа баруға мәжбүрлеу” дейді.

– Майданда жүрген командирге жауынгерлерді қамаудан пайда жоқ. Оның мақсаты – сарбаздарды соғысқа барып, адам өлтіріп, өлуге мәжбүрлеу. Сондықтан осындай жабайы әдістер қолданады, – дейді ол.

2022 жылы қарашада Завитне Бажанняда Фроловпен бірге жертөледе отырды делінген ресейлік жауынгерлердің бірі Ресейдің Тергеу комитетіне әскери басшылықтың үстінен стратегиялық және тактикалық қате жібергені, қол астындағыларды алдағаны, жеткілікті медициналық және материалдық қолдау көрсетпегені үшін арыз жазды.

– Командирлерге деген сеніміме селкеу түсті, – дейді жауынгер Михаил Носов.

Носовтың мүддесін қорғаушы адвокат Максим Гребенюк желтоқсанда Азаттыққа бірнеше ресейлік жауынгермен жұмыс істегенін, командирлер олардың бәрін тергеусіз, сотсыз жертөлеге қамап, адам төзгісіз жағдайда ұстағанын айтты.

Попованың сөзінше, мұндай жазаға кесілген жауынгерлердің көбі сотқа арыз беруге бата алмайды.

– Олар ұзақ уақыт қиын жағдайда қалып, заң өздерін қорғамайтынын, тек күш пен зорлық қана жұмыс істейтінін көрген, – дейді адвокат.

Өткен аптада жарияланған, жертөледен түсірілген видеодан туыстарын таныған адамдар Astra телеграм арнасына жауынгерлермен хабарласа алмай отырғандарын айтқан.

Мақалаға Азаттықтың Орыс қызметі үлес қосты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG