Жетісу облысы Ескелді ауданының соты Қарабұлақ ауылының тұрғыны Жібек Бостанбекованың бостандығын шектеген. Оны Қылмыстық кодекстің 405- бабының 2- тармағы бойынша - "тыйым салынған ұйым жұмысына қатысты" деп айыптаған. Оған былтыр 20 қараша өткен Қазақстан президентін мерзімінен бұрын сайлау кезінде оппозиционер Мұхтар Әблязовтің инстаграм парақшасындағы тікелей эфирге қосылғаны себеп болған.
Эфир кезінде Бостанбекова "мұғалімдердің дауыс ұрлайтынын" айтқан және сол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма деген сұрақ қойған. Желтоқсан айында Бостанбекованың үйіне полиция келіп, тінтіген және Бостанбекованың өзінің де, отбасы мүшелерінің де телефондарын алып кеткен.
Қылмыстық іс бойынша сот 21 маусымда басталған. Бостанбекова ешқайда кетпеу туралы құжатқа қол қойған. 20 шілде күні кешке сот үкім шығарған. Құқық қорғаушылар қылмыстық істің саяси астары бар деп санайды.
Сот Бостанбекованың үш жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуына тыйым салған. Ст үкімі күшіне енсе Бостанбекова пробациялық бақылауда болады. Мұнан өзге сот шығыны үшін 250 мың теңге және 10 айлық есепті көрсеткіш (2022 жылы 3063 теңге болған) "жәбірленушілерге өтемақы қоры" төлеуді міндеттеген.
Жарыссөз кезінде прокурор да осы жазаны сұраған. Прокурордың сөзінше, Бостанбекова "эфир кезінде Әблязов пен оның жақтастарына қолдау білдірген".
Бостанбекова сот кезінде өз әрекеті экстремизмге жатпайтынын айтты. Оның сөзіне қарағанда бұрын ол митингілерге қатыспаған. Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "ескертусіз ату" туралы бұйрығынан соң Мұхтар Әблязовтың парақшасын қарай бастаған. Бостанбековаға шығарылған үкім әзірге күшіне енген жоқ.
ПІКІРЛЕР