Accessibility links

Семейде қарттар үйінің қызметкерлері прокуратураға шағымданды


"№2 Семей арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты.
"№2 Семей арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғимараты.

Семейде қарттар үйінің 23 қызметкері мекеме басшылығы үстінен прокуратураға арыз түсірді. Арыз бергендердің сөзіне қарағанда, олар мекемеде тұратын қарттарға дұрыс күтім жасамау фактілерін жариялағаннан кейін басшылық оларға қысым жасаған. Мекеменің ресми атауы – Абай облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының "№2 Семей арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Осы мекемеде 19 жылдан бері медбике болып жұмыс істеп келе жатқан Оксана Демеуованың сөзіне қарағанда, қызмет пайдаланушылар мен қызметкерлердің арызынан кейін келген журналистерге сұхбат бергені үшін оларға қысым жасалған.

- Кеше (20 шілде) жиналыс болды, барлық қыздардың телефондарын тартып алды, бұған қоса, бір қызметкердің телефонын алып, ішінде қандай да бір видео бар ма екен деп тексерді. Басшылық қысым жасағаны туралы дәлел болмас үшін түсіруге тыйым салды, – деді Демеуова.

Бұған дейін әлеуметтік желіде қарттар үйіндегі қатты жүдеген қарттар мен олардың жұпыны тағам рационы жөнінде видео тараған. Бір мезетте қызметкерлердің бір бөлігі жемқорлықпен күрес агенттігіне арыз жазып, қарттарға тиісті дәрежеде күтім көрсетілмей жатқаны жөнінде ақпарат құралдарына хабарлаған.

– Мен түнде кезекші боламын, кейде пірәндіктерді езіп, ботқаға балама ретінде береміз. Үйден бірдеңе әкеліп, шама-шарқынша тамақтандырған боламыз. Жүріп жүретіндер өздеріне бірдеңе сатып ала алады: шұжық, бауырсақ – қолдарына 30 мың теңге (зейнетақы) тиеді. Ал жүре алмайтындар блогында жатқандар тіпті зейнетақының не екенін білмейді, – деді Демеуова Азаттыққа.

Медбикелердің айтуынша, жүре алмайтындар блогында тұрып жатқандарға айына 3-4 мың теңгеге тамақ әкеледі.

- Ал қалған ақша қайда кетіп жатыр? Бұрын басқа басшылық болған кезде зейнетақының қайда кетіп жатқаны туралы хаттама толтырылып, бәрі ашық болатын. Қазір ондай нәрсе жоқ, – деді Оксана Демеуова.

Оның сөзінше, қызмет пайдаланушылар зейнетақыларының 70 пайызын қарттар үйіне береді.

Даудан кейін мекемеге тексеріспен келген әкімдік өкілдері осында тұрып жатқан қарттардың тамақтану рационы қалыпты екенін, шағымға негіз жоқ екенін айтты.

- Тамақтану мәселесіне келсек, алдын ала мәліметке қарағанда, қызмет пайдаланушыларға күніне бес рет ыстық тамақ беріледі, кейбірінің денсаулық ерекшеліктерін ескере отырып, диеталық тағам да беріліп жатыр. Тамақтану мәзірі зерттелді, фотосуреттер мен үлгілер де қарастырылды, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Олардың айтуынша, видеода көрінген жүдеп кеткен адамдар ауыр науқасқа ұшыраған.

Дегенмен басшылық Азаттыққа мекемені көрсетуге және онда тұрып жатқан аадамдармен сөйлесуге рұқсат беруден бас тартты. Директор қазір тексеріс жүріп жатқанын алға тартып, қазір пікір бере алмайтынын жеткізді.

XS
SM
MD
LG