Accessibility links

Прокуратура: Қаңтарда оққа ұшқан Айкөркем сотына әкесін қатыстыруға қарсылық жоқ. Бірақ шарт бар


Қаңтар оқиғасы күндері оққа ұшқан сәби - Айкөркем Мелдехан
Қаңтар оқиғасы күндері оққа ұшқан сәби - Айкөркем Мелдехан

Қазақстанның бас әскери прокуратурасы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркем Мелдехан ісі бойынша сотқа қатысуға әкесіне тыйым салынбағанын мәлімдеді. Бұл ақпаратты жергілікті ақпарат құралдары прокуратураға сілтеп жариялады.

Бас әскери прокуратура мәлімдемесіне қарағанда, "Алматы гарнизонының әскери сотында қарала бастаған қылмыстық іс материалдарында құпия құжаттар болғандықтан процесс жабық өтіп жатыр".

- Сот процесіне қатысушыларының арызы бойынша оларға сотта айтылатын мемлекеттік құпия ақпараттарды тыңдауға рұқсат етілді. Мұндай мүмкіндік қыздың әкесі Айдос Мелдеханға бірнеше рет ұсынылды, алайда ол рұқсат алудан бас тартты",- дейді бас әскери прокуратура.

Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан қызы Айкөркемнің сотына қатыстырмай отыр деп шағымданып жүрген Айдос Мелдехан бас әскери прокуратура сөзін ішінара растады. Оның сөзінше, арнайы рұқсат алу туралы сотқа дейін ешкім айтпаған.

- Мені процеске кіргізбейтіні 13 шілдеде алдын ала сот тыңдауы өтетін күні ғана белгілі болды. Сондықтан рұқсат алудан бас тартқаным рас. Өйткені рұқсат алған адамға қатаң шарт қояды. Ол құжатқа қол қойсам Айкөркемнің сотындағы мән-жайлар туралы ешкімге айтпауға тиіс екенмін,- деді Айдос Мелдехан.

"Мемлекеттік құпия туралы" заңда құпия ақпараттармен танысуға рұқсат алған адамға бірқатар шектеулер қарастырылған. Олардың еңбек шартында көзделген мерзімге республикадан тыс жерлерге шығу, құпия мәліметтері бар жаңалықтар мен өнертабыстарын пайдалану және мұндай мәліметтерді тарату құқығына шектеу салынады.

Алматыдағы әскери сотта басталған процеске жәбірленуші тараптың адвокаты Жанғазы Күнсеркин мен Айкөркемнің ағасы Бауыржан Мелдехан кіргізілген.

Адвокат Жанғазы Күнсеркин істегі "құпия" деген графаны алып тастауды талап етіп, сотқа шағым түсірген, алайда судья соттың статусын өзгертпей, жабық өткізуге қаулы шығарған.

- 12 томнан тұратын істегі бір ғана томда құпия мәлімет жазылған. Сол үшін барлық процесті жабық етті. Мені қатыстырып, ең болмағанда сол бір том қаралғанда соттан шығарса да болар еді ғой. Енді 20 жастағы ұлым қатысатын болды. Бірақ ол да соттағы мән-жайды жария етсе жауапқа тартылады,- дейді Айдос Мелдехан.

Айкөркем ісі бойынша негізгі сот процесі 26 шілдеде басталуға тиіс. Былтыр Қаңтардағы жаппай наразылық пен дүрбелең кезінде Айдос Меделханның балалары отырған көлікке үкімет күштері оқ жаудырған. 16 жастағы қызы жараланып, Айкөркем оққа ұшқан, 8 жастағы ұлы шошынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG