Нигерде әскери басшылар ұлттық телеарнадан мәлімдеме жасап, ел президенті Мохамед Базумды биліктен кетіргенін хабарлады. Ел шекарасы жабылған, коменданттық сағат енгізілген. Бұл жөнінде Reuters жазды.
Осыған дейін Нигердің президенттік гвардиясы мемлекет басшысы Мохамед Базумды резиденциясынан шығармай қойған. Бастапқыда президент кеңсесі "армия да, ұлттық гвардия да бүлікшілерді қолдаған жоқ" деп хабарлама таратқан. Алайда бірнеше сағаттан кейін Базумның биліктен кетірілгені жөнінде хабарлама шықты. Кейін Нигерге жағдайды реттеуге атсалысу үшін Бенин президенті Патрис Талонның барғаны хабарланды.
Jeune Afrique дереккөздерінің хабарлауынша, бүлікке Базумның президенттік гвардия командирі генерал Омар Тчианиді қызметтен кетірмек болғаны түрткі болған. Тчиани бұл қызметте Нигердің бұрынғы президенті Махамад Иссуф кезінде де отырған.
Бүлік Санкт-Петербургтегі Ресей-Африка саммиті қарсаңында болып отыр. Нигер саммитке қатыспайды, деп хабарлады "РИА Новости" дереккөзі. Агенттіктің хабарлауынша, оған бүліктің қатысы жоқ.
Британдық Independent басылымының хабарлауынша, Нигерде ресейлік ЧВК "Вагнер" тобының жалдамалы қызметкерлері бар. Бірақ Базумның өзі бұған дейін бұл мәліметті жоққа шығарған. Президент Нигер вагнерліктерді еліне шақырмайтынын, себебі олар көп мәселе туындататынын және қаралау кампанияларымен айналысатынын айтқан.
Дегенмен "вагнерліктер" көрші Малиде де бар. Ол жақта да Буркина-Фасодағыдай жуырда төңкеріс болған. Билік басындағы Мали әскері ресейшіл саясат ұстанады.
Мохамед Базум 2021 жылы президент болып сайланған. Оның алдында ішкі істер министрі және сыртқы істер министрі қызметтерін атқарған.
Нигер – бұрын Франция отары болған Батыс Африкадағы ел. Ол табиғи ресурстарға бай. Әлемдегі уран қорының 7 пайызы осы елде орналасқан.