Accessibility links

Қаңтар кезінде "Шал, кет!" деп айқайлаған Алматы тұрғынына үкім оқылды


Қаңтар кезінде "жаппай тәртіпсіздікке шақырды" деп айыпталған Әділет Мусин сот үкімі оқылатын күні. Алматы, 27 шілде 2023 жыл. Сурет авторы Күлтегін Аспанұлы.
Қаңтар кезінде "жаппай тәртіпсіздікке шақырды" деп айыпталған Әділет Мусин сот үкімі оқылатын күні. Алматы, 27 шілде 2023 жыл. Сурет авторы Күлтегін Аспанұлы.

Алматының N2 Бостандық аудандық соты Қаңтар оқиғасы кезінде "жаппай тәртіпсіздікке шақырды және қатысты" (272-бап 2,3 бөліктері) деп айыпталған Әдідет Мусинді кінәлі деп танып, 9 айға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

38 жастағы Әділет Мусин бұған дейін өзіне тағылған айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарған.

Бір күн бұрын прокурор айыпталушыға бір жыл түрме жазасын сұраған. Прокуратураның айтуынша, 2022 жылы 4 қаңтарда Мусин жұртты "билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбауға шақырған".

Қорғау тарабы соңғы сот отырыстарында "оны Қаңтар кезінде "Шал, кет!" деп айғайлағаны үшін ғана соттағысы келеді, ал мұны Қаңтар кезінде бүкіл елдің жартысы айтқан" деп мәлімдеген еді. Олар Мусиннің кінәсін дәлелдейтін айғақтар жоғын, сотта сөйлеген куәгерлердің ешқайсысы Мусиннің "заңсыз әрекетке барғанын" айтпағанын алға тартқан.

Бейсенбі күні сот үкімінен кейін Мусинді қарауыл сот залынан алып кетті.

Туыстарының айтуынша, Әділет Мусин тергеу изоляторында отырған кезде азаптауға ұшыраған. Былтыр қыркүйекте анасы Бақыт Ысқақова Азаттыққа мекеме қызметкерлерінің ұлын "ұрып-соққанын" айтқан. Алайда азаптау туралы шағым сол күйі қаралмаған. Медициналық сараптама Әділет Мусиннің мойнының алдыңғы жағы жырылғанын, сол жақ беті, оң жақ шынтағы мен оң жақ иығы, екі тобығы көгергенін анықтаған.

Қаңтар оқиғасында ресми есеп бойынша кемінде 238 адам қаза тапқан. Алтауы түрмедегі азаптау кезінде көз жұмған. Билік бес мыңнан аса қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Мыңнан аса адам сотталып, 100-ден астамы түрмеге жіберілген. Басым бөлігінің бостандығы шектелген. Түрмеге жабылғандардың кемінде 102-сі амнистиямен босап шығатыны айтылған. Осыған дейін Қаңтар бойынша айыпталғандардың кейбірінің туыстары тергеу әділетсіздігіне шағымданған. Билік құқық қорғаушылар мен белсенділердің талабына қарамастан Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшыларды тарта отырып зерттеу туралы ұсыныстан бас тартты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG