Алматы қалалық полиция департаменті Қаңтар оқиғасы кезінде уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін із-түзсіз жоғалып кеткен Өзбекстан қазағы Мақсет Қанатбаевқа байланысты істің мән-жайын айтудан бас тартты. Алматы полициясы Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына (Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) сілтеп, Азаттық сұрақтарын жауапсыз қалдырды.
Алматы прокуратурасы бұл істі 4 сәуірден бері қалалық полиция департаменті тергеп жатқанын хабарлаған.
Істегі жәбірленуші Мақсет Қанатбаевтың өкілі, әрі "Халықаралық құқықтық бастама" қорының заңгері Амангелді Шорманбаев полиция департаментінің істі объектив тергейтініне сенбейді. Оның болжамынша, "Мақсет изоляторда өлтіріліп, мәйіті бір жаққа лақтырып тасталған" болуы мүмкін.
– Заңда «мүдделер қайшылығы» деген ұғым бар. Полиция қызметкері жасаған қылмысты полицияның өзіне тергету мүдделер қайшылығын тудырады. Олар бір-біріне жауапкершіліктен құтылуға жағдай жасайды. Сол үшін қылмысты ашуға, объектив тергеу жүргізуге мүдделі болмай отыр, - деді Шорманбаев Азаттыққа.
Азаттық жолдаған «мүдделер қайшылығы», «объектив тергеу» туралы сұрақтарына Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғали Заппаров жауап бермеді. Ресми жауапта тергеу жалғасып жатқанын, қалған мәлімет тергеу құпиясы екенін жазған. «Істе күдікті бар ма?» деген сұрақ та жауапсыз қалған.
Алматы полиция департаменті кейінгі кезде жәбірленушінің өкілі Шорманбаев жолдаған сауалдарды да жауапсыз қалдырған.
– Хаттарымызға жауап бермейді. Не бітіріп жатқандарын, тергеу қалай жүріп жатқанын айтпайды, - дейді ол. Іс ашық тергеліп жатыр, құпия белгісі жоқ.
Енді "Халықаралық құқықтық бастама" қоры Қазақстан билігінің бұл істі тергеуде немқұрайлық танытқаны үшін БҰҰ-ның Адам құқығы комитетіне шағымданбақшы.
Мақсет Қанатбаевтың жоғалып кетуіне байланысты қозғалған істі бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеді. Алайда былтыр желтоқсанда іс «дәлелдеме мен күдіктінің табылмауына байланысты» тоқтатылған. Кейін сот шешімімен істі тергеу қайта жалғасқан.
32 жастағы Мақсет Қанатбаевты 6 қаңтарда Алматы полициясы уақытша ұстау изоляторына қамаған. Оның изоляторға кіргені туралы дерек бар. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, Қанатбаев 12 қаңтарда изолятордан шығарылған. Алайда оның мекемеден шыққаны туралы дәлел жоқ.
Мақсет Қанатбаев Алматыға Қарақалпақстанның Тақияташ қаласынан 2020 жылы келген. Жоғалғанға дейін қаладағы "Алтын Орда" базарында жүкші болып жұмыс істеген.
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда жоғалғандардың тағы бірі – Өзбекстан азаматы Азат Жұманиязов. Оны туыстары былтыр 4 қаңтардан бері таппаған. Жұманиязов 1978 жылы Қарақалпақстанның Шымбай қаласында туған. Жоғалғанға дейін қаладағы базар маңында жұмыс істеген.
Қаңтар оқиғасынан кейін елде кемінде екі адам із-түзсіз жоғалған. Ал құқық қорғаушылар тізімінде із-түзсіз жоғалғандардың саны одан да көп.
Алайда Қазақстан билігінің есебінше, Қаңтар оқиғасында хабар-ошарсыз кету фактілері тіркелмеген, із-түзсіз жоғалғандар жоқ.
ПІКІРЛЕР