Ресей Украинаға басып кіргелі бері соғыста кемінде 28 652 ресейлік әскери қызметкер опат болған. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" басылымы бірігіп жүргізген зерттеуде айтылады. Тізімге аты-жөні мен көмілген орны анықталған әскери қызметкерлер ғана енгізілген.
Зерттеушілер оларды ашық дереккөздер – жергілікті әкімшілік хабарламалары, БАҚ және қаза болғандардың туыстары, сонымен бірге зират деректеріне сүйене отырып, түзген. Адам шығыны олардың пікірінше, бұдан да 2-2,5 есе көп болуы ықтимал. Мамырдың соңындағы "Медиазона" мен "Медузаның" есептеуінше, соғыста кемінде 47 мың ресейлік әскери қызметкер қаза болған. Бұл санды журналистер соғысуға жарамды ер адамдар өлімінің шамадан тыс көбеюі туралы мәліметті зерттей отырып, алған.
30 маусым күнгі алдыңғы хабарламадан бері тізімге 1851 адам қосылған.
Зерттеушілердің айтуынша, барған сайын қаза болған тұтқындар саны азайып жатыр. Олардың мәліметінше, тұтқындар қазір қорғаныс министрлігінің "Шторм Z" отрядтарында жүр. Қазір түрмелерден тұтқындарды соғысқа тарту қаншалықты қызу жүріп жатқанын дөп басып айту қиын.
Журналистерге былтырғы мобилизациядан кейін соғысқа алынып, қаза болған 2976 адамның аты-жөні белгілі. 60 пайызы 2023 жылды 1 қаңтарынан бергі аралықта қаза болған.
Украинаның Запорожье облысындағы қайта шабуылын бақылап отырған сарапшылар Ресей артиллериясы мен ракета әскері арасында адам шығыны көп екенін алға тартады. BBC-дің Орыс қызметі мен "Медиазона" басылымы бұл мәліметті жанама түрде растай алған: өткен айда артиллерия қызметкерлері арасында адам өлімі алдыңғы айлармен салыстырғанда көбірек болған.
Өткен айда подполковник және өзге де шені жоғары 17 офицердің қаза болғаны белгілі болды. 11 шілдеде Оңтүстік әскери округы командирінің орынбасары, генерал-лейтенант Олег Цоковтың қазасы расталды. Жалпы тізімде жоғары лауазымды 280 офицердің аты-жөні бар.
Жерлеу жағынан Свердловск, Челябинск облысы, Башқұртстан, Бурятия және Ростов облысы алда тұр. Краснодар өлкесінде еріктілер зираттарды аралап, әскери қызметкерлер жерленген жерлерді суретке түсіргендіктен осы өлкеден адам шығыны көп тіркелген.