Қырғызстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Еділ Байсалов Азаттыққа берген сұхбатында Қырғызстанға санкция қаупі төніп тұрғанын, сол себепті билік АҚШ және Еуропа жетекшілерімен келіссөз жүргізіп жатқанын мәлімдеді.
"Олар да түсіністікпен қарап отыр. Себебі Қырғызстанда еркін экономика. Әріптестер біздің барлық компанияны мұқият бақылауға шамамыз жетпейтінін түсінеді" деді шенеунік.
20 шілдеде АҚШ қаржы министрлігі 120-дан астам компанияға санкция салған, арасында Қырғызстанда тіркелген компаниялар да бар.
Ведомство мәліметінше, аталған тізімдегі компаниялар жіберген өнімдер Украинаға қарсы соғыста пайдаланылған әскери техникалардан табылған. Мамырдың соңында АҚШ сауда министрлігі "Ресейдің әскери-өнеркәсіп кешенін қолдағаны үшін" санкцияға ілінген компаниялар тізімін жариялаған. Онда ресейлік компаниялардан бөлек, қырғызстандық Tro.Ya компаниясы да бар.
Қырғызстан экономика және сауда министрі Данияр Амангелдиев Азаттыққа берген сұхбатында ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитет зерттеу жүргізіп жатқанын, ал Қырғызстан билігі "АҚШ ресми тұлғаларымен екіжақты келіссөз және кездесу өткізу мүмкіндігін" қарастырып жатқанын айтқан.
"Қара тізімге" енген компаниялар халықаралық нарықта жұмыс істей алмайды және батыс елдерінің кәсіпорындарымен әріптестік орнату мүмкіндігінен де айырылған. Оларға қызмет көрсетуге де тыйым салынған.
Жемқорлық және ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының жазуынша, АҚШ Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектескен Қырғызстанның төрт компаниясына қарсы санкция енгізердің алдында Бішкек сыртқы сауда және санкциялық өнімдер айналымы туралы мәліметтерін жариялауды доғарған.
ПІКІРЛЕР