Accessibility links

Украинадан қайтып келіп, абақтыға қамалған оппозиция белсендісі Ермек Нарымбаев бостандыққа шықты


Саяси тұтқын Ермек Нарымбаев бостандыққа шыққан күн. Алматы, 31 шілде, 2023 жыл.
Саяси тұтқын Ермек Нарымбаев бостандыққа шыққан күн. Алматы, 31 шілде, 2023 жыл.

Былтыр Қазақстанға өз еркімен оралып, әуежайда қамауға алынған қоғам белсендісі Ермек Нарымбаев бостандыққа шықты. Бұл туралы адвокаты Жанар Балғабаева Фейсбук парақшасына жазды.

– Ермек Нарымбаевты қарсы алу үшін Заречный кентіне баруға жиналып жатқандардың бәрін құлағдар етейін, ол қазір Алматыда. Егжей-тегжей ақпаратты кейінірек хабарлаймын, – деп жазды ол.

Жанар Балғабаева биыл шілденің 13-інде Алматы облысы Қонаев қалалық соты Ермек Нарымбаевтың жазасын жеңілдету жөніндегі өтінішін қанағаттандырғанын хабарлаған.

– Мерзімінен бұрын босап, 11 айға жуық пробациялық бақылауда болатын болды. Біз айыппұл төлеп шығаруды сұрадық. Бірақ прокурор пробациялық бақылау қажет екенін айтты. Судья прокурормен келісіп, қатаң шектеумен шығаруға келісті. Баспасөз мәслихаты, митинг пен шеру сияқты қоғамдық істерге қатысуға тыйым салды, – деген еді адвокат.

Құқық қорғаушылар жасаған "саяси тұтқындар" тізіміне енген Ермек Нарымбаев саяси белсенділігі үшін бірнеше рет әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылған.

2010 жылы Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевты отставкаға кетіру үшін референдум өткізу жөнінде бастама көтерген оппозиция жиындарының бірінде "Назарбаев, кет!" деген ұран көтеріп шығып, 4 жылға қамауға алынған. Кейін шартты жазамен босатылған.

2015 жылы қазанда "алауыздық тудырды" деген айыппен үш жылға сотталған. Кейін апелляция соты үкімді жеңілдетіп, үш жыл шартты жазаға ауыстырған.

Осыдан кейін Ермек Нарымбаев 2016 жылы жер митингінен кейін өзіне биліктен қатер төнгенін мәлімдеп, Украинаға кеткен. 2022 жылы ақпан айының басында Қазақстанға оралғанда полиция Алматы әуежайынан ұстап әкетіп, қамауға алған. Адвокаттың айтуынша, 2,5 жыл түрмеге кесілген Нарымбаев жазасының үштен бірін өтеген.

Былтыр өткен кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында белсенді сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды онлайн жариялауды талап етіп, 54 күн аштық жариялаған. Орталық сайлау комиссиясы оның талабы "бір күнде орындалатын шаруа емес" деген.

Ермек Нарымбаев бұған дейін де бірнеше рет саяси талап қойып, аштық акциясын өткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG