Accessibility links

"Енді елден ешқайда кетпеймін". Белсенді Ермек Нарымбаев бостандыққа шықты


"Саяси тұтқын" Ермек Нарымбаев бостандыққа шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:47 0:00

Былтыр ақпанда Украинадан Алматыға оралғанда әуежайда бірден қамауға алынып, бір жарым жыл түрмеде отырған белсенді Ермек Нарымбаев жазасы жеңілдеп, 31 шілдеде бостандыққа шықты. Көзқарасы мен ұстанымының өзгермегенін айтқан ол енді ешқайда кетпейтінін, бұл күнге бір жарым жылын құрбан етіп, ұзақ жеткенін айтты.

"ЕНДІ МЕН ХОККЕЙСТ ЕМЕС КОММЕНТАТОРМЫН"

53 жастағы Ермек Нарымбаев Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА155/14 мекемесінен 31 шілде түсте шығуы тиіс еді. Дегенмен бұған дейін түрме қызметкерлері қамалғандарды белгіленген уақыттан ерте босатып жібергендіктен белсенділер Заречный кентіне Алматы қаласынан таңертең ерте шыққан. Азаттық тілшісі де түзеу мекемесінің жанына таңғы жеті жарымда келгенде адвокат Жанар Балғабаева Ермек Нарымбаевтың үйінде екенін хабарлады. Осыдан кейін Азаттық тілшілері де, белсенділер белсендінің үйіне бет алды.

Алматының көпқабатты үйлерінің бірінің ауласына жиналған белсенділерге Ермек Нарымбаев өзі шықты. Ол түрме қызметкерлері өзін таңғы жеті болмай босатып, үйіне жеткізгенін айтты. Кездесуге келгендердің әрқайсысымен амандасып, кейбірімен сол жерде танысып жатты. Сәл шаршағаны байқалады.

- Түрмедегі соңғы 44 сағатта аштық жарияладым. Себебі босайтын уақыт демалыс я мереке күндеріне түскен сотталушыларды жұмыс күнге дейін күттіреді екен. Босатылатын күні шығу керек деген заң болғанына қарамастан түрме әкімшілігінде осындай әдет қалыптасқан. Мен осымен күреспекшімін. Сондықтан сотқа бермекшімін. Қазір аштығымды тоқтатып, оразамды енді аштым, - деді Ермек Нарымбаев.

Ермек Нарымбаев үйінің алдында өзімен амандасуға келген жұртпен сөйлесіп тұр. Алматы, 31 шілде 2023 жыл.
Ермек Нарымбаев үйінің алдында өзімен амандасуға келген жұртпен сөйлесіп тұр. Алматы, 31 шілде 2023 жыл.

Нарымбаев 2016 жылы қаңтарда "Ветер с улицы" кітабынан желіде үзінді жариялау арқылы "қазақ халқының ар-намысын қорлады" деп "Алауыздықты қоздыру" бабымен үш жылға түрме жазасына кесілген. Кейін ол "шын өкініп кешірім" сұраған соң шартты жазамен қамаудан босатылған.

Нарымбаев "өміріне қауіп төнгенін" айтып, 2016 жылы шілдеде Қазақстан билігінің рұқсатынсыз Украинаға кетіп қалған. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үлкен қантөгіспен аяқталған Қаңтар оқиғасынан кейін "билік пен халық арасында диалог құруға дәнекер болам" деп мәлімдеген саяси белсенді 2022 жылы 6 ақпанда отанына оралған. Киевтен Алматыға ұшақпен жеткен Нарымбаевты полиция әуежайдан ұстап, қамаған еді.

Биыл 13 шілдеде Алматы облысы Қонаев қалалық соты Ермек Нарымбаевтың жазасын жеңілдету жөніндегі өтінішін қанағаттандырып, босатқан. Сот белсендінің қамау жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды. Нарымбаев енді бір жыл пробациялық бақылауда болады.

- Маған көп нәрсе тыйым салынған, бірақ рұқсат етілгені де аз емес. Судья алдымен көптеген шектеу қойып, кейін қаулыны қолыма алғанда бұл шектеулерді алып тастапты. Мәселен, маған кез-келген асхана, кафеге күндіз де, түнде де кіруге рұқсат жоқ деген еді. Басында дөңгелек үстелдер, телекөпір мен сұқбат беруге де тыйым салған. Бірақ қазір асхана тұрмақ мейрамханаға да барсам болады, тек кешкі онға дейін бару керек. Сұқбат пен телекөпірлерге рұқсат бар, тек әлеуметтік желіге пост жаза алмаймын. Заңгерлік көмек, дәріс беріп, саясаттанушы ретінде билік пен оппозияцияның әрекетін баяндап, баға бере аламын. Өзім оппозицияда бола алмаймын. Енді мен хоккейдегі Харламов емес, Озеров секілді комментатор ғана бола аламын, - дейді Нарымбаев.

"ЖАЛҒЫЗ ҚАРУЫМ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАУ БОЛДЫ"

2000 жылдардың басынан белсенділігімен көзге түскен Ермек Нарымбаев ұзақ жылдар банктермен соттасқан. Ипотека алушылар құқығын қорғаумен айналысты, наразылық акцияларына да шықты. 2009 жылдан бері оған қарсы 15 іс қозғалды. Оның ішінде сот 11 әкімшілік іс бойынша, төртеуінде – қылмыстық іс бойынша жаза кескен. Қазақстандық құқық қорғаушылар бірнеше рет істі болған Нарымбаевты "саяси тұтқын" деп таныған еді.

Белсенді қамаудағы өзіне жасалған қысым мен азаптауларға аштық жариялап, қарсылық білдіріп келеді. Былтыр өткен кезектен тыс президент сайлауы қарсаңында белсенді сайлау учаскелеріндегі хаттамаларды онлайн жариялауды талап етіп, 54 күн қатарынан аштық жариялаған. Екі айға жуық тек су ішкен белсенді 20 келі салмақ тастап, денсаулығы сыр берген. Ал Орталық сайлау комиссиясы оның талабы "бір күнде орындалатын шаруа емес" деген еді.

- Мен фальсификациялармен мейлінше күрескім келді. Осы жолда мен қолымдағы бар мүмкіндігімді пайдаландым. Мен ұра алмадым, плакатпен митингіге шыға алмадым, менің жалғыз қаруым аштық жариялау болды. Мен оны пайдаландым. Сайлауға дейін де, сайлаудан кейін де бір апта тағы аштық ұстадым. Мұны саяси-сауықтыру мақсатындағы аштық деуге де болады, әжептеуір арықтап қалдым, - дейді Нарымбаев.

Ермек Нарымбаев оған дейін де ең ұзақ аштық акцияларын бастан өткерген. 2010 жылы Алматы облысындағы түрмеде 73 күн аштық ұстаған белсенді 41 келі салмақ тастаған. Ол сол кезде де белсенді аштығын "жеке басына жасалған әділетсіздіктерге" қарсылық екенін айтқан.

"ЕНДІ ЕЛ АРАСЫНДА БОЛУЫМ КЕРЕК"

Ермек Нарымбаев анасы қайтыс болғанда Украина жүріп, жаназасына келе алмаған. Енді анасының басына барып құран оқып, Астанадағы әкесімен кездескісі келеді. Оны елге келсе бірден қамауға алынатынын сезген әкесі ұлынан Қазақстанға асықпай қайтуды сұраған, кейін аштық жариялағанда да ұлының денсаулығына алаңдап, аштықты тоқтатуды сұрап, хат жазған. Алайда белсенді әкесіне алған бетінен қайтпайтынын айтып, жауап берген.

- Оппозицияда жүргеніме 30 жыл болды, енді шегінер жол жоқ. Ер адам ер болып қалуы керек. Ердің әкесі де ер болуы керек. Осыны әкеме түсіндірдім, мені аяп, уайымдаудың керегі жоқ, одан қайта маған қолдау білдіріңіз дедім.

Ермек Нарымбаев үйінің алдында тұр. Алматы, 31 шілде 2023 жыл.
Ермек Нарымбаев үйінің алдында тұр. Алматы, 31 шілде 2023 жыл.

Нарымбаев енді Қазақстаннан кетпейтінін, елдегі жоспарының аз емес екенін айтты.

- Шетелде мен өзімді тауыстым, енді ел арасында болуым керек. Кез-келген жағдайға дайын болып, көпшілікке заңгерлік кеңес бергім келеді. Сот қаулысына сәйкес, мен қоғамдық ұйымдардың мүшесі бола алмаймын, бірақ өзге ұйымдар арқылы келісім шарт негізінде заң кеңесші бола алам, - дейді белсенді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG