Accessibility links

Бір адам қаза болған Ақкенттегі өртке байланысты екі қылмыстық іс қозғалды


Ақкентте "өрт шықты" делінген 16 қабатты тұрғын үй. Алматы, 2 тамыз 2023 жыл.
Ақкентте "өрт шықты" делінген 16 қабатты тұрғын үй. Алматы, 2 тамыз 2023 жыл.

Алматы қаласындағы Ақкент шағын ауданындағы 16 қабатты тұрғын үйде болған өртке байланысты 2 қылмыстық іс қозғалды: өрт қауіпсіздігін сақтамау және өрттен бір адамның қаза болуы. Бұл жөнінде 2 тамыз күнгі брифинг кезінде Алматы қалалық төтенше жағдай департаменті бастығының міндетін атқарушы Ерлан Әлібеков мәлімдеді. Ресми ақпарат бойынша өрттен бір адам қаза болған, 40-тан астам адам зардап шеккен.

Ерлан Әлібековтің айтуынша, кешкі көлік кептелісі мен тұрақтағы көліктерге қарамастан өрт сөндірушілер сейсенбі күні оқиға орнына хабарлама түскеннен кейін 6 минуттан соң жеткен. Өрт сөндірушілер келген кезде 3,4,5-қабаттан қатты түтін шығып жатқанын, жоғары жақтағы адамдардың көмек сұрап жатқанын көрген.

– Құтқарушылар 80 адамды құтқарды: 35-і құтқару "қалпақтары" арқылы, 25 адам өрт сөндіру баспалдақтары арқылы, 20 адам крандар арқылы түсірілді. 200-ден астам адам эвакуацияланды, – деді Ерлан Әлібеков.

Бір күн бұрын интернетте кей адамдардың құтқарушылар көмегін күтпей, төмен қарай секіргені көрінетін видеолар тараған. Төтенше жағдай департаменті бастығының міндетін атқарушы Ерлан Әлібеков олардың әрекетін "байбалам" деп түсіндірді. Ол "жоғары жаққа өрт сөндіру баспалдақтары жетпеді" деген ақпаратты жоққа шығарды.

– Кеше жағдай күрделі болды. Қатты байбалам [салғандар] болды. Біз түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мұндай жағдайда балконға шығу керек. Дымқыл шүберекпен балкон есігін қатты жауып (осылайша түтін балконға кірмейді), сол жақтан көмек күту керек, – деді ол.

Оның айтуынша, көпқабатты тұрғын үйде өрт қауіпсіздік ережелері сақталмауы өрт сөндірушілерге өртті сөндіруге кедергі келірген. Қазір оқиғаға байланысты ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған. Сараптама тағайындалған. Әзірге өрттің неден шыққаны белгісіз.

16 қабатты тұрғын үйде барлығы 94 пәтер бар. Эвакуацияланған 250-ден астам адамның көбі өткен түні туыстарының үйлерінде қонып шықса, бірнеше адам жақын маңдағы мектептен ұйымдастырылған эвакуация пунктін паналаған. Қазір тұрғын үйге кіруге тыйым салынған. Өрт иісі аздау деген 3-4 қабатқа кейбір тұрғындар кіріп, керекті заттарын алып кетіп жатыр. Ғимарат маңына палаткалар орнатылған. Сыртта полиция, әкімдік өкілдері жүр. Тұрғындар кешегі оқиғадан шошынып қалған. Сұхбат беруден көбі қашқақтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG