Accessibility links

АҚШ елшілігі Кислицынды экстрадициялау мәселесіне түсініктеме бермеді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі ресейлік IT-маман Никита Кислицынды экстрадициялау мәселесіне түсініктеме бермеді.

"Бұрыннан келе жатқан тәжірибеге сәйкес, мемлекеттік департамент экстрадиция мәселелеріне байланысты түсініктеме бермейді" деді елшіліктің баспасөз, мәдениет және білім бөлімінің басшысы Дебра Ло.

“Қазіргі кезде Кислицинды экстрадициялауды АҚШ та, Ресей де сұрап отыр” деді 1 тамызда бас прокуратура өкілі Дархан Дүйсембай. Оның сөзін жергілікті БАҚ келтірді.

Өткен аптада бас прокуратура тек Ресей билігінің экстрадициялау туралы өтініші қаралып жатқанын мәлімдеген.

"Ресей Федерациясы мен АҚШ-тың Кислицинға байланысты келіп түскен өтініштері бойынша шешімді бас прокуратура экстрадиция бойынша тексеру аяқталғаннан кейін халықаралық шарттар мен ұлттық заңнама нормаларына сәйкес қабылдайды" деді Дархан Дүйсембай.

Алматыдағы Ресей консулының кеңесшісі Артем Огановтың сөзіне сілтеген ТАСС агенттігінің хабарына қарағанда, Қазақстан билігі Кислицинды АҚШ-қа бермеуге шешім қабылдаған. Огановтың айтуынша, сот шешімімен Кислицин Ресейге экстрадициялау туралы мәселе шешілгенге дейін қамауда болуға тиіс.

Маусымның соңында Қазақстан билігі F.A.C.C.T. (бұрынғы Group-IB) компаниясының бұрынғы менеджері Кислицынды Вашингтонның сұрауымен ұстағанын хабарлаған. Қазақстан бас прокуратурасы Кислицынды экстрадициялау бойынша Мәскеудің өтініші де қаралып жатқанын айтқан.

Бұған дейін Алматыдағы Ресей бас консулы Евгений Бобров Ресей жағы Қазақстан билігіне қайырылып, Кислицынды АҚШ-қа бермеуін сұрады деп айтқан.

Кислицынға АҚШ-та "қолданушылардың мәліметтерін ұрлау" ісі бойынша іздеу салынған. 28 маусымда Мәскеудің Тверь соты "мәліметтерге заңсыз қол жеткізді" деген күдікке ілінген Кислицынды сырттай қамау туралы шешім шығарған.

Кислицын айналасындағы ресейліктердің бірі Евгений Никулин "америкалық компаниялардың компьютерлерін бұзды" деп айыпталып, 2018 жылы Чехиядан Америкаға экстрадицияланған. Ол жақта 7 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылған. Биыл сәл ертерек түрмеден босатылып, Ресейге депортацияланған.

Киберқауіпсіздікпен айналысатын Group-IB компаниясы сәуір айында компания атын F.A.C.C.T етіп ауыстырған. Өткен айда Мәскеу соты осы компанияның негізін қалаушы Илия Сачковты "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша 14 жылға бас бостандығынан айырған. Сачковқа нақты қай оқиға бойынша айып тағылғаны белгісіз: процесс жабық режимде өтті, ал іс материалдары құпияланған.

37 жастағы Илья Сачков соңғы бірнеше жылда Ресейде "мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша айыпталып, түрмеге қамалған ғылым және киберқауіпсіздік саласы мамандарының бірі. Батыс елдері Ресейді кибершабуылдарға талай айыптаған. Мәскеу қылмысқа қатысы жоғын мәлімдеген. Тергеу мәліметінше, Сачков киберқауіпсіздік саласында мемлекеттік құпия болып саналатын мәліметтерді шет мемлекетке берген.

XS
SM
MD
LG