Accessibility links

ШҚО: Дәулет Батырбаев Риддер әкімі болып тағайындалды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Шығыс Қазақстан облысында Риддер әкімі болып Дәулет Батырбаев тағайындалды. Бұған дейін ол Шығыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй коммуналды шаруашылығы басқармасының жетекшісі болған. 4 тамызда мемлекеттік "Қазақпарат" агенттігі осындай ақпарат таратты.

Риддердің бұрынғы әкімі Дмитрий Горьковой биыл сәуірдің аяғында 40 жасқа қараған шағында қайтыс болған еді. Жергілікті әкімдік оның жүрек ауруынан қайтқанын хабарлаған. 27 сәуірден бері қала әкімінің міндетін әкімнің орынбасары Дархан Қосантаев атқарған.

47 жастағы Дәулет Батырбаев 2019 жылдың қарашасынан бері Шығыс Қазақстан облысы энергетика және тұрғын үй коммуналды шаруашылығы басқармасын басқарған. Оған дейін екі жыл ШҚО-дағы Бесқарағай ауданына жетекшілік еткен.

Былтыр жылыту маусымының басында Риддер жылу электр орталығында апат болып, 22 мыңнан астам отбасы үйінде тоңып шыққан. Қалада содан бері екі рет техногенді сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілген. Ресми мәлімет бойынша, ЖЭО қысқы маусымда 67 рет апат жағдайында ажыратылған. Қаңтарда жекеменшік станцияның иесі ауысты. Бірақ бұрынғы облыс әкімі жаңа инвесторды да "ештеңе істемеді" деп сынаған.

Риддер – Шығыс Қазақстандағы көлемі жөнінен екінші ірі қала. Қалада 56 мыңнан астам халық тұрады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG